"Төсектер лезде толып жатыр": Елордалық дәрігерлер қала тұрғындарына үндеу жасады
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері коронавирустың өршуіне байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір ковидтік ауруханаларда 40 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
"Тек өткен тәулікте ғана инфекциялық стационарларға 178 адам жатқызылды. Төсектер бірден толып жатыр! Әрбір екінші науқасқа оттегі концентраторы қажет, олар инвазиялық емес желдету аппартында жатыр. Ал жағдайы тым нашарлар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған", - дейді жұқпалы аурулар ауруханаларының медицина қызметкерлері.
Дәрігерлер жағдайы ауыр науқастардың басым бөлігі екпе алмағанын, онымен қоса санитарлық талаптарды елемей, салтанатты іс-шараларға қатысқан немесе ұйымдастырған азаматтар екенін айтады.
"Бізде бір ерлі-зайыптылар болды. Тексеру жүргізген кезде, олар жақында ғана адам көп жиналған мерейтойға барғанын мойындады. Көздеріне жас алып, ешқайда шықпағанымыз дұрыс болар еді деп өкінішін білдірді. Өйткені ол кезде күйеуінің жағдайы тым нашар еді. Денсаулықпен ойнамау керектігін тағы да еске салғым келеді. Егер сіз санитарлық нормаларды сақтамасаңыз және екпе алмасаңыз, онда "маған ауру жұқпайды" деп еркін жүре беруге болмайды", — дейді ковидтік ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін жұқпалы аурулар дәрігері Гүлбақыт Адижанова.
Айта кетейік, 2 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2903 науқас емделіп жатыр. Реанимацияда 260 адам, 40 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Қазіргі уақытта COVID-19-бен күресу үшін қалада 16 стационар және 6 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925081-tosekter-lezde-tolyp-zatyr-elordalyq-darigerler-qala-turgyndaryna-undeu-zasady/