RU

Елордалық кәсіпкер 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Кісен
Көрнекі фото: pixabay.com

Елордада тұрғын үй кешендерінің құрылысымен айналысқан кәсіпкер Сергей Котляров 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп хабарлайды "Хабар 24".

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының отырысында прокурор осындай жаза тағайындауды сұрады.

Сергей Котляровқа алаяқтыққа барған және ірі көлемде материалдық шығын келтірген деген айып тағылуда. Мемлекеттік айыптаушы ұсынған нұсқа бойынша, ол "Шығыс" тұрғын үй кешенінде құрылысы біте қоймаған нысанның пәтерлерін кепілге қойып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірімен келісімшарт жасасқан.

Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Сот процесі әлі де жалғасатын болады.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сай 1958 жылы туған Котляров Сергей Владимирұлын қылмыстық құқықбұзушылыққа барғаны үшін кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Мүлкін тәркілемей, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтеуін ұсынамын. Құрылыс саласы және үлескерлерден ақша жинау қызметімен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салынсын. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тоқтатылып, дереу тұтқындалсын", - дейді прокурор Дархан Қалқаманов.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда миллиондаған қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың жұбайы Ольга ел президентіне үндеу жолдағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925200-elordalyq-kasipker-9-zylga-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/