RU

"Әкем анамды ұрып өлтірді": 28 жастағы келіншек бала күніндегі қорлығын айтып, жан сырын ақтарды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: ивестия

28 жастағы павлодарлық келіншек бала күнінде әкесінен, өскен соң күйеуінен көрген қорлығын айтып, KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Кішкентай күнінен әкесінің арақ ішіп, анасына қол көтергенін көріп өскен ол өмірде түрлі қиын жолдан өткен. Отыз жасқа жеткенше талай ауыртпалықты бастан өткізген келіншек барша қыз-келіншектерді бақытты өмір үшін күресуге шақырды.

Мәдина жайсыз отбасында дүниеге келген. Әкесі ешқашан жүмыс істемей, араққа салынып, болмашы нәрсе үшін анасын сабап тастайтын. Ол қан мен балта, пышақ сынды суық қаруларды кішкентайынан көріп өсті.

«Бірде анам жұмыстан кейін үйге келсе, әкем мас күйде болды, оған бір нәрсе ұнамай, еш себепсіз анамды ұра бастады. Мен ол кезде 4 жаста едім. Содан кейін ол пышақты алып, қазір анаңды өлтіремін деді. Мен жылап, айқайлап, анамды өлтірмеуін өтіндім. Жүгіріп келіп әкемді итере бастадым. Ол мені бар күшімен итеріп жібереді де, стаканмен анамның басын жарды», - деп еске алады Мәдина.

Мұндай жағдай оның отбасында күн сайын болатын. Ол мектептен үйге қайтысы келмей, үйінде әкесі жоқ болса, қатты қуанатын.

«Мектеп кезінде менің кластастарым жаңа телефон армандап жүрген кезде мен жаңа аяқ киім армандайтынмын. Менің жағдайымды бүкіл мектеп білетін, бірақ ол кезде еш қандай көмек деген болған жоқ. Бірде сабақтан кейін үйге келсем, аулада адам толып жүр. Полиция қызметкерлері, дәрігерлер мен көршілерді көрдім. Үйге жүгіріп кірсем, нағашы әжем жоқтау айтып, жылап отыр екен. Не болғанын бірден түсіндім. Әкем анамды пышақтап өлтірген екен», - дейді ол.

Анасы қайтыс болған, әкесі түрмеге кеткен қызды әжесі асырап алады. Мектеп бітіріп, Мәдина жоғары оқу орынына түседі. Университетте жүріп, Арман атты жігітпен танысады.

«Ол өте қарапайым, мейірімді, қамқорлы жігіт болатын. Бір жылдай жүрген соң маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Әрине, мен келістім. Үйленгеннен кейін біз екі жылдай бала көтере алмадық. Сол кезде Арман мүлдем басқа адамға айналды. Бала көтере алмағанымызды менен көріп, маған қол жұмсай бастады. Бала күнімнен тоқпақтың астында өскен мен бұдан әрі шыдай алмадым. Ажырасып тындым», - деп көз жасымен еске алады Мәдина.

Бүгінде Мәдинаның бұрынғы күйеуі түрмеде отыр.

«Ол не үшін сотталып кеткенін де білмеймін. Бір нәрсе ұрлаған ба, біреуді ұрған ба, әйтеуір, 7 жылға сотталды. Түрмеде отырып, маған өзінің достарын жіберіп отыратын. Ақша сұрап маза бермейтін. Сол кезде мен бұл жағдайды пайдалана отырып ажырасуға қол жеткіздім», - дейді Мәдина.

Қазір Мәдинаның қамқор күйеуі және екі баласы бар. Өзі көрмеген балалық бақытты ол өз балаларына көрсетуге тырысуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925256-akem-anamdy-uryp-oltirdi-28-zastagy-kelinsek-bala-kunindegi-qorlygyn-aityp-zan-syryn-aqtardy/