RU

"Бір жылда баға 60 пайызға көтерілген": Елімізде күнбағыс майы неге қымбаттап кетті

Күнбағыс майы
Кадр: КТК арнасы

Қазақстанда күнбағыс майының құны шарықтап кеткен. Бір жылда баға 60 пайызға көтерілген. Мұны Еnergyprom kz сарапшылары есептеп шығарды деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүгінде еліміздегі дүкендер мен базарларда күнбағыс майының литрі орта есеппен 713 теңгеден сатылуда.

Күнбағыс майы ең қатты қымбаттаған өңір – Қарағанды облысы. Мұндағы дүкен сөрелерінде тауар бағасы жыл басымен салыстырғанда 100 пайызға дейін өскен.

Қыста күнбағыс майының литрі 400 теңгеден сәл асса, қазір мың теңгеге дейін жетеді. Халық ең көп тұтынатын тауарлардың бірі болғандықтан жұрт оны бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр. Әсіресе қоғамдық тамақтану саласында жүргендер тығырыққа тірелген. Олар күнбағыс майының бағасы өскен соң, ас-ауқатты да қымбаттатқан.

"Жыл басынан-ақ майды қымбатқа сатып ала бастадық. Уақыт өте келе баға өсе берді. Жаңа жылдан кейін бес литр күнбағыс майын шамамен 2 жарым мыңға алсақ, қазір құны 4 мыңнан асып кетті. Сондықтан біз де сатылатын тағамдардың бағасын көтердік", - дейді асхана қожайыны Қарлығаш Айдарханова.

Ең арзан май Ақтөбеде болып шықты. Мұнда тамақ пісіруге аса қажетті тауардың литрі орта есеппен 621 теңгеден. Майдың қымбаттауын жауаптылар былтырғы шикізаттың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр.

"Бағаның өсуіне былтырғы егіннің жетіспеушілігі себеп болды. Бұған қоса Қытай мен Өзбекстан пандемиядан кейін өнімді көптеп сатып ала бастады. Сұраныс артты. Соның салдарынан іштегі тауар құны Ресейден әкелінетін импорттық шикізаттан да жоғары болды", - дейді Қазақстан май-тоңмай одағының президенті Константин Невзоров.

Сарапшылардың есептеуінше, маусымда еліміздегі күнбағыс майының литрі шамамен 713 теңге болған.

"Күнбағыс майының құны еліміздегі 17 өңірдің бәрінде көтерілген. 40 пен 80 пайыз аралығында. Алматыда баға 76 пайызға, ал Батыс Қазақстан облысында 75 пайызға өсті", - дейді Ranking.kz басқарушы директоры Седред Асретов.

Бағаның әрі қарай қалай құбылатыны биылғы егінге байланысты болмақ. Май-тоңмай одағының өкілдері Орталық және Солтүстік Қазақстанда күнбағыс аз шығуы мүмкін деп болжап отыр.

Есесіне биыл Шығыс Қазақстан облысында егін мол өнім беруі мүмкін. Майлы дақылдың қаншалықты көп жиналатыны тамыздың 15-інен кейін белгілі болмақ.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925398-elimizde-kunbagys-maiynyn-bagasy-saryqtap-ketti/