Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда кесар әдісімен босанған жас ана перзентханада бес күннен соң көз жұмды

Опубликовано:

Динара
Фото: Facebook/dinara.zhubatova

Алматыдағы белгілі ғылыми орталықта кесар әдісімен босанып, көп қан жоғалтуының кесірінен перзентханада бес күннен соң көз жұмған әйелдің жақындары дабыл қақты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аталмыш жағдай туралы заңгер Динара Жұбатова Facebook парақшасында жазды.

"Тәжірибелі стоматолог-дәрігер Динара, үш баланың анасы. Өкінішке қарай Динара үшінші ұлын енді көре алмайды, ол Алматыдағы ғылыми орталықта жоспарлы түрде болған кесар отасынан соң қайтыс болды. Операцияны 3 маусым күні жоғары санатты дәрігер Динара Мирзахметова жасады", - деп жазды заңгер.

Заңгер Динара Жұбатованың айтуынша, марқұмның жүктілігі де, босану операциясы да ауыртпалықсыз өткен, тек отадан соң жас босанған ана көп қан жоғалтқан.

"Тура бес күн ол өмірі үшін арпалысты, бірнеше ота жасалды, жатырын алып тастады, сол арада ол бес литр қан жоғалтты", - дейді заңгер.

"Динара тірі кезде медицина қызметкерлері оның денсаулығы туралы еш хабар берген жоқ, туыстарының ешқайсысы қош айтысып үлгермеді. Ал аталмыш ғылыми орталықтың басшысы әлі күнге дейін үндемей отыр", - делінген заңгер жазбасында.

Динара Жұбатованың сөзіне сенсек, денсаулық басқармасы жас босанған ананың өлімі бойынша тексерісті бастамаған.

Заңгердің сөзін марқұмның жақыны Шынар Сырбаева да қолдап жазған. Ол аталмыш медициналық мекеме басшысынан түсініктеме ала алмай отырғанын жеткізді.

"Біздің Динараның өлімінен кейін сіз жақтан қандай шара қолданылды? Сіздер бізге марқұмның неден, қалай қайтыс болғаны туралы түсіндіре алатын бір жапырақ қағазды да бере алмай отырсыздар. Қолымызда перзентханадан шығуы туралы да құжат жоқ. Сондай-ақ баланың да перзентханадан шығарылғаны жөнінде құжат жоқ. Баланың қан талдауларын да көрмей отырмыз. Динарамыздың өлімінен кейін екі ай өтті, сіздер тарапынан ешқандай әрекет көрмедік, түсініктеме естімедік. Динараның жағдайы тұрақты деп бізді сендіріп келдіңіздер. Сіздерге сеніп, айқай-шу шығармадық. Динарамыздан айырылып қалғанша... Тіпті ол қайтыс болғаннан кейін де сіздерден ресми жауап күттік, жауап алған жоқпыз", - деп ашынды Шынар Сырбаева.

Шынар Сырбаева марқұмның неден және қалай қайтыс болғаны туралы ресми жауап талап етуде.

Заңгердің желідегі жазбасына ғылыми орталықтың басқарма төрайымы Динара Мирзахметова пікір білдірді.

"Тек Қазақстанда емес, дүние жүзінде де ана өлімінің негізгі себебі акушерлік қан кету болып саналады, ол жылдам және көп мөлшерде өтуімен ерекшеленеді. Көп мөлшерде қан кету жағдайында әйел ағзасының басқа да жүйесіне кері әсерін беруі жиі кездеседі. Сондықтан акушерлік қан кету кезінде және оның салдарынан көмек көрсеткенде түрлі дәрігер мамандар қатысады. Аталған жағдай бойынша барлық құжаттар тиісті органдарға сараптама жасауға жіберілді. Тексеріс пен сараптама жоспарланған", - деп жауап берді Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы басқарма төрайымы Динара Мирзахметова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1925524-almatyda-kesar-adisimen-bosangan-zas-ana-perzentxanada-bes-kunnen-son-koz-zumdy/

pixel