RU

БҒМ шекті балл жинай алмаған түлектер үшін тағы да ҰБТ өткізілетінін хабарлады

ҰБТ
Көрнекі сурет: pixabay.com

Бүгін тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Өтінім беру 6 тамызға дейін жалғасады деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі.

Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Айта кетейік, осы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың мектеп түлектері, колледж түлектері мен шетелдік мектептерде білім алғандар қатыса алады.

Негізгі ҰБТ секілді тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

"Өкінішке орай, қаңтар-маусым аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Олар еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігінен айырылды.

Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шектік балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет", – деп түсіндірді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев Ұлттық бірыңғай тест тапсыру ережесін бұзған 1 226 талапкердің нәтижесі жойылғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925530-bgm-sekti-ball-zinai-almagan-tulekter-usin-tagy-da-ubt-otkiziletinin-xabarlady/