RU

Инфекционист дәрігер: Осылай жалғаса берсе, бір күнде бір ауданды жоғалтамыз

Науқас пен дәрігер
Көрнекі фото: Global Look Press / Xiao Yijiu

Дәрігерлер вакцина індеттен 100% қорғамаса да, ауыр халге түсуден сақтайды дейді. Мамандардың айтуынша, қауіпті дерттің құрығына ілінгендер – екпе алмағандар деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

"Бүгінгі статистиканы қарасаңыз, Қазақстанда коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмония мен коронавирустан 149 адам қайтыс болды. Барлық науқас вакцина алмаған. Бұл дегеніміз тұтас 5 қабатты үйдің тұрғындары қайтыс болды деген сөз. Егер күнде қайтыс болғандар саны осылай өсе берсе, бір күнде бір ауылды, ауданды жоғалтамыз. Ол біреудің ата-анасы, біреудің баласы", – дейді инфекционист дәрігер Сәуле Атығаева.

Ал америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман вакцинаның бала сүюге теріс әсері жоқ екенін мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда әлемде 4 миллиард түрлі доза вакцина салынған. Вакцинаның құр өзі СOVID-19-ды тудырмайтыны анық. Вакцина репродуктивті жүйенің қызметін бұзбайды. Сондай-ақ жаңа туған сәбиде түрлі ауру тудырмайды", – дейді Алмаз Шарман.

Сондықтан мамандар халықтың 80 пайызы вакциналанбайынша карантинді жеңілдетпеу керек деп санайды. Ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, үнемі жаңа толқындармен, жаңа індеттермен күресуге тура келетінін айтады.

Еске сала кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 7792 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 610 744-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925635-infekcionist-dariger-osylai-zalgasa-berse-bir-kunde-bir-audandy-zogaltamyz/