RU

COVID-19-ға қарсы вакциналарды сақтау шарттарын бұзу мәселесіне қатысты Цой не дейді

Вакцина
Көрнекі фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Қасым-Жомарт Тоқаевтың вакцинация пункттерінің 30%-ы коронавирусқа қарсы вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзды деген мәлімдемесіне түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

KAZ.NUR.KZ сауалына жауап берген Алексей Цой вакциналарды сақтау және тасымалдау кезінде "суық тізбек" талаптарын сақтау - халыққа профилактикалық егулер жүргізудің ең маңызды шарты екенін алға тартты. Бұл талап иммунобиологиялық препараттарды сақтау мен тасымалдаудың оңтайлы температуралық режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакцинациямен айналысатын медициналық ұйымдарға мониторингтік зерттеулер жүргізілді. Мұндай зерттеулер егу пункттерінде "суық тізбек" талаптарының бұзылуын болдырмау мақсатында жүргізілді... Мониторинг зерттеулерінің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың коронавирусқа қарсы вакциналарды сақтау мен тасымалдау жағдайына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне әсер етпегені белгілі болып отыр.

Барлық бұзушылықтар егу пункттері халықты иммундау науқанына қатыса бастағанға дейін жойылды. Қазақстанда қолданылатын вакциналардың тиімділігі және қауіпсіздігі бірдей. Бүгінгі күнге дейін вакцинацияланған барлық қазақстандықтар "суық тізбек" шартына сәйкес сақталған вакциналарды алды", - делінген Денсаулық сақтау министрлігі басшысының жауабында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, кейбір жағдайларда вакциналарды жарамсыз деп тануға және есептен шығаруға болады. Нақтырақ айтсақ, егер жарамдылық мерзімі өтіп кетсе немесе түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің, тұнбаның болуы, құтыда жарықтардың табылуы, көлемі жеткіліксіз болуы, тасымалдау мен сақтау кезінде температуралық режимнің бұзылуы сынды жарамсыздық белгілері табылса.

"Бұл жағдайларда иммунобиологиялық препараттар есептен шығару мен жою актісі дайындала отырып есептен шығарылады және жойылады. Егер "суық тізбек" талаптарының бұзылуы анықталса, "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексінің 425 бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін.

Бүгінгі күні "суық тізбек" талаптарының сақталуына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Сақтаудың температуралық режимі бұзылған вакциналарды қолдануға жол берілмейді", - деп қорытындылады Алексей Цой.

Еске салсақ, 19 шілдеде Қасым -Жомарт Тоқаев Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды талқылау кезінде еліміздегі егу пункттерінің шамамен шамамен 30%-ында вакцинаны сақтаудың температуралық режимін бұзу фактілері анықталғанын мәлімдеген еді. Президенттің айтуынша, бұл вакцина тиімділігінің төмендеуіне себеп болды.

Кейінірек Тоқаевтың мәлімдемесіне Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова түсініктеме берді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауға алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925668-covid-19-ga-qarsy-vakcinalardy-saqtau-sarttaryn-buzu-maselesine-qatysty-coi-ne-deidi/