RU

СҚО-да жұмыртқамен «аластаған» алаяқ 67 жастағы әйелдің алтын жүзіктерін алып кеткен

алаяқ әйел
Көрнекі фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында егде жастағы әйелді алдап, оның 600 мың теңге тұратын екі жүзігін алып кеткен алаяқ әйел ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне облыс орталығының 68 жастағы тұрғынынан арыз түскен. Оның айтуынша, алаяқ оны алдап, 600 мың теңге тұратын екі алтын жүзігін алып кетіпті.

Жәбірленуші әйелдің М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаевта базарда бутигі бар екен. Оған бейтаныс әйел бірнеше рет келіп, жұмыс орнын аластап беруді ұсынған. Бастапқыда бұл ұсыныстан бас тартқанымен, кейін жәбірленуші келісімін берген.

«Емші» әйел тауық жұмыртқасымен аластау рәсімін жүргізіп, кейін барлық пәле-жала кетуі үшін құнды зат беруді сұраған. Оны жеке пайда табу мақсатында емес, өртеу үшін алғанын айтқан. Әйел қолындағы екі алтын жүзігін шешіп беріп, қолына тағы 20 мың теңге ұстатыпты.

Біраз уақыттан кейін есін жиған ол жағдайды бағалап, «емшіге» қоңырау шалған. Жауап бермегесін полицияға арыздануына тура келіпті.

Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімі криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол жуырда Булаев қаласындағы танысына келген Ақмола облысында тұратын 67 жастағы әйел болып шықты.

Сақина тәркіленді. Аталған факті «алаяқтық» бабы бойынша тіркелді. Күдікті қолхатпен босатылды. Тергеу жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925944-sqo-da-zumyrtqamen-alastagan-alayaq-67-zastagy-aieldin-altyn-zuzikterin-alyp-ketken/