RU

Елордада қанша әлеуметтік тұрғын үй берілмек: Көлгінов жауап берді

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік тұрғын үйлер саны артатыны туралы жазды.

"Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй санын арттырамыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынған болса, биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткіземіз, соңғы 3 жылда әлеуметтік тұрғын үй саны 5 еседен аса артты", - деп жазды әкім.

Көлгінов "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы да жалғасын табатынына сендірді.

"Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік", - деп жазылған желі парақшасында.

Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Instagram парақшасында қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасаған еді.

"Вакцинация — өзіңіздің денсаулығыңызды, сондай-ақ жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғаудың жалғыз жолы. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!", - деп жазған болатын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925977-elordada-qansa-aleumettik-turgyn-ui-berilmek-kolginov-zauap-berdi/