RU

Арыста сары фосфор өртенді: Сарапшылар ауа сапасын тексерді

Арыс өрт2
Фото: instagram.com/arys_kalasy_akimdig

Өткен жұмада Арыс станциясында сары фосфор тиелген вагондар өртенді. Осыған байланысты қалада ауа сынамасына жоспардан тыс іріктеу мен талдау жүргізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өрт шыққан Наурыз шағын ауданы қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде, шет жағында орналасқаны хабарланды. Мұндағы тұрғындар саны 1700 адамды құрайды. Айта кетсек, өрт туралы ақпараттан кейін шағын аудан тұрғындары эвакуацияланды.

Ауа сынамасы осы шағын аудан мен тағы қаланың бес нүктесінен алынды.

"Ластаушы заттардың шоғырлануы келесі химиялық қосылыстар бойынша өлшенді: қалқыма заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, күкіртті сутек, формальдегид және аммиак. Өлшеу 6 нүктеде жүргізілді.

Өлшеу нәтижесі бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде", - деп хабарлады "Қазгидромет" мамандары.

Еске сала кетсек, вагонның өртенуі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926198-arysta-sary-fosfor-ortendi-sarapsylar-aua-sapasyn-tekserdi/