RU

Жамбыл облысының бұрынғы бас полицейі коронавирустан көз жұмды

тәртіп сақшысы
Фото: Жамбыл облысының полиция департаменті

8 тамыз күні 75 жасында Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының экс-басшысы, отставкадағы полиция полковнигі Владимир Щелочков коронавирус инфекциясынан қайтыс болды.

Бұл ақпаратты өңірдің полиция департаменті растап отыр.

"Владимир Александрович 25 жылдан астам уақытын Жамбыл облысының ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған.

Ол қарапайым милиция офицерінен облыстың милиция басшысы лауазымына дейін көтерілді.

Владимир Александрович Щелочковтың есімі Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің тарихында қалды", делінген хабарламада.

Айта кетейік, Владимир Щелочков 1947 жылы 3 ақпанда Жамбыл қаласында (Тараз) жұмысшы отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң теміржол вокзалында пойыз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Соныме қатар, әскери -теңіз флотында матрос болып қызмет етті.

1971 жылы Жамбыл облысының ішкі істер органдарына жұмысқа келді. Оның екі жоғары білімі бар: педагогика және заңгер.

"Жамбыл облысының барлық полицейлері үшін Владимир Щелочковтың мезгілсіз өмірден өтуі орны толмас қаза. Басшылық, ішкі істер органдарының ардагерлері мен полиция қызметкерлері марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Оның есімі ішкі істер саласы қызметкерлерінің жадында мәңгілікке қалады", деді Жамбыл облыстық полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926222-zambyl-oblysynyn-buryngy-bas-policeii-koronavirustan-koz-zumdy/