Қазақстанда кейбір өңірдегі нысандардың жұмыс уақыты ұзартылады
Опубликовано:

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "қою қызыл" аймақтарда сауда-ойын-сауық орталықтары 9 тамыздан бастап қандай режиммен жұмыс істейтінін хабарлады деп жазады Қазақпарат.
Басылым мәліметінше, "қою қызыл" аймақтарда 9 тамыздан бастап "Ashyq көшбасшысы" мәртебесі бар нысандарға сағат 00.00-ге дейін, Ashyq жүйесіндегі басқа нысандарға сағат 22.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат беріліп отыр.
Бас санитар дәрігердің бұған дейінгі қаулысында Ashyq жүйесіндегі сауда-ойын-сауық орталықтары "жасыл" және "сары" аймақтарда шектеусіз жұмыс режиміне жіберілсе, "қызыл" аймақтарда сенбі және жексенбі күндері сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген болатын.
Ал "қою қызыл" аймақта сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін қызмет көрсете алатыны айтылған еді.
Ендігі шешім бойынша аталған нысандардың жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылып отыр дегенді білдіреді.
Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде коронавирус пен пневмониядан 140 адам көз жұмды. Одан бөлек, бір тәулікте 7671 адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған.
9 тамыздағы мәлімет бойынша 113 186 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, оның ішінде 31 504 пациент стационарда, 81 682 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
1 981 адамның жағдайы ауыр, 402 пациенттің жағдайы өте ауыр, 192 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926239-qazaqstanda-keibir-onirdegi-nysandardyn-zumys-uaqyty-uzartylady/