Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімге жасаған жамандығымыз жоқ еді": Екі қолы жоқ жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Ажар
Азаматтың жары - Ажар. Кадр: YouTube/ Уақыт көрсетеді

Кішкентайы күнінде тоқ соғып, екі қолынан айырылған Азамат Оразбек бүгінде отбасымен бірге пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал мүмкіндігі шектеулі жанға өз еркімен тұрмысқа шыққан оның жұбайы Ажар он екі мүшесі сау бола тұра, бұл өмірде шағым айтатын адамдарға қатысты өз ойын білдірді. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай өзінің YouTube платформасындағы бағдарламасын өмірдің сынағына мойымастан, бақытты ғұмыр кешіп отырған отбасы арнады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Азамат Оразбек - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы. Кішкентай күнінде оны ойнап жүрген жерінен тоқ соғып, дәрігерлердің салғырттығынан екі қолынан бірдей айырылған.

Соған қарамастан, ол спортпен айналысып, көптеген жетістікке жеткен. Қазіргі күні ол үстел теннисінен Қазақстанның бірнеше мәрте және Паралимпиада ойындарының чемпионы.

Азамат Оразбек суда да еркін жүзеді. Екі қолы болмаса да, ол екі аяқтың көмегімен жүзуді меңгерген. Жарымжан болса да, он екі мүшесі сау азаматтардан көбірек еңбек ететін Азаматтың бір ғана арманы бар. Ол - балаларына баспана алып беру. Себебі, қазір ол үш баласымен Алматыдағы Ұлжан шағын ауданында біреудің есік алдында екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады.

"Бір ғана нәрсені армандаймын. Мен көрген қиындықты балаларым көрмесе екен. Олар елден кем болмаса екен. Басқалары мыналардың әкесінің қолы жоқ деп түртпесе екен. Керісінше, мені көргенде, ұлым "Мынау - менің әкем" деп мақтанса екен. Солар үшін күні-түні ұйықтамай еңбектенуге дайынмын. Осылай біреудің есік алдында пәтер жалдап, телмірмесе екен", - деген Азамат бағдарлама кезінде көз жасын жасыра алмады.

Дүниенің сынағына көніп, басына түскенді ерлікпен көтеріп жүрген азамат бұл ретте жарымның да көмегі көп дейді. 24 жасында Азаматқа тұрмысқа шыққан Ажар "тағдырыма еш өкінбеймін" деп отыр.

"Кейде "ешкімге жасаған жамандығым жоқ еді, осы неге біздің жолымыз болмай қойды деп жылаймын. Бірақ, қанағат етемін. Осы күніме шүкір. Күйеуім бар, мені жақсы көреді. Басқа маған не керек?! Еңбектеніп келгенде алдында дәмді тамағын қойып, ата-анасын сыйлап, құрметтеу - міндетім. Отбасыда барлығы әйелге байланысты. Сондықтан, әйелдің сабыры көп болуы керек", - дейді ол.

Қазіргі таңда жас отбасы "балалардың өз бөлмесі, өз үйі" болса екен деп армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926413-eskimge-zasagan-zamandygymyz-zoq-edi-eki-qoly-zoq-zigitke-turmysqa-syqqan-qazaq-qyzy-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel