Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жарты млрд теңге шығын мен 13 млн теңгелік авто: ШҚО-да спорт саласындағы шенеуніктер сотталды

Опубликовано:

Шенеунік
Көрнекі фото: pexels.com

Шығыс Қазақстан облысында спорт саласындағы жоғары лауазымды шенеуніктер сотталды. Оларды Риддерде спорт интернатының құрылысы кезінде жүздеген миллион теңге ұрлады деп айыптаған. Бұл туралы облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының бұрынғы басшысына айтарлықтай мөлшерде пара алу (ҚК 336-бабы 2 - бөлігі), спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарына ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану (ҚК 361 - бабы 4-бөлігі 3-тармағы), ал ЖШС бұрынғы басшысына алаяқтық жасау (ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) бойынша айып тағылды.

"Сонымен қатар, комитет басқармасының бұрынғы басшысы ЖШС-нің бұрынғы басшысынан 35 млн теңге сомасында пара және құны 13 млн теңге болатын автокөлік алды деп айыпталды. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары мен ЖШС басшысы кінәсін толық мойындады, комитет басқармасының бұрынғы басшысы пара алғанын мойындаған жоқ", - деп хабарлады сотта.

Сондай-ақ, ЖШС басшысы 2018 жылдың тамыз айынан бастап 2019 жылдың сәуір айына дейін 172 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Бұл қаржы Аягөз ауданындағы су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысына бөлінген.

Нәтижесінде сараптама қорытындылары арқылы 354 және 172 млн теңге сомаға залал белгіленген.

Сотталушылар кінәлі деп танылды. Комитеттің бұрынғы басқарма басшысы 5 жылға, комитет төрағасының бұрынғы орынбасары 3 жылға, ЖШС бұрынғы басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926505-zarty-mlrd-tenge-sygyn-men-13-mln-tengelik-avto-sqo-da-sport-salasyndagy-seneunikter-sottaldy/

pixel