RU

Түркістан облысында соңғы он күнде 170-ке жуық той тоқтатылды

Фото
Көрнекі фото: Olx.kz

Түркістан облысында тығылып той жасайтындар әлі де тыйылмай тұр. Соңғы он күннің өзінде облыста 169 тойды тарқатуға тура келген деп жазады BAQ.KZ.

Тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың 117-сі қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны үй жағдайында өткені белгілі болды.

Мамандардың сөзінше, осының салдарынан облыс аумағында КВИ бойынша тұрақсыз жағдай қалыптасып отыр.

"Облыс бойынша соңғы аптада коронавирус бойынша тұрақсыз эпиджағдай қалыптасты. Зертханалық дәлелденген КВИ+ 6,6 пайызға төмендегенімен, пневмониямен аурушаңдық 1,3 есеге артты", – деп мәлімдеді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов.

Еске сала кетейік, денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын ұсынған.

10 тамыздағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары "қызыл" аймақта тұр.

Ал Түркістан облысы "сары" аймақта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926584-turkistan-oblysynda-songy-on-kunde-170-ke-zuyq-toi-toqtatyldy/