RU

Солтүстік Қазақстанда белгісіз індеттен малдар қырылып жатыр

КӨрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Солтүстік Қазақстан облысында белгісіз аурудан малдар өліп жатыр. Бұған қатысты тиісті мекеме пікір білдірді деп хабарлайды 31 арна.

Індеттен Уәлиханов ауданындағы Мортық ауылының тұрғындары зардап шегіп отыр.

Олардың сөзінше, елдімекенде қазірдің өзінде белгісіз кеселден оннан астам ірі қара өлген.

Таңертең өріске сап-сау шыққан малдарының кеш түспей өлексесін тапқанын тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.

Олар кеселден әсіресе 3-4 айлық бұзаулар мен жас тайыншалар қырылып жатқанын жеткізді.

Жас малдардың алдымен артқы аяқтары ақсап, денесінде ісіктері пайда болған. Ал кейбірінің іштері қарысып, бір тәулікке жетпей өліп қалған.

Ауыл тұрғындары жануарлардың өлекселерін өздері өртей бастағандарын мойындады. Себебі, белгісіз ауру адамға жұғуы мүмкін деп қауіптенеді екен.

Ал мал дәрігерлері ірі қараның қандай індеттен өлгенін әлі анықтай алмай отыр. Тек қарасан ауруына шалдығуы мүмкін деген болжам жасады.

"Мал дәрігерлері барып тексерді. Бірақ қандай аурудан өлгенін анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі мал өлекселерінен 2-3 сағаттың ішінде патологиялық талдау алып үлгермеген. Малдар өртелген аумақ залалсыздандырылды", - деді Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырлы Қазанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926595-soltustik-qazaqstanda-belgisiz-indetten-maldar-qyrylyp-zatyr/