RU

Таразда полиция бөлімінен өрт шықты

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Тараз қаласында полиция бөлімінен шыққан өрт шұғыл сөндірілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру мекемесінің 101 телефон нөміріне Тараз қаласы Абай көшесі, 280 мекенжайында орналасқан қалалық №2 полиция бөлімінде өрт оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен.

Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

"Шақырту бойынша оқиға орнына Тараз қалалық өртке қарсы қызмет гарнизонының күш-құралдары жетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға 11 өрт сөндіру техникасы мен 46 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіру барысында су беруге арналған 5 қол оқпаны қолданылды. Сондай-ақ оқиға орнында газ-түтіннен қорғау 3 тобы құрылып, өрт сөндіру жұмысын атқарды",-делінген ведомство хабарламасында.

Өрт дереу оқшауланып, толығымен сөндірілді. Өрттің ауданы 30 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта материалдық шығын көлемі мен өрттің себебі анықталып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926596-tarazda-policiya-boliminen-ort-syqty/