RU

"Жазық далаға жүгірді": Теміртауда мониторингтік топтан қашқан той қонақтары күлкіге қалды

Гости ресторана разбежались в Темиртау
Кадр: instagram.com/karaganda.city

Темірдауда мейрамханаға келген мониторингтік топтан қашқан қонақтарды куәгерлер видеоға түсіріп алған. Ролик желіде көптің талқысына түсуде. Бұған қатысты қалалық әкімдік пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Куәгерлердің айтуынша, Grand Hall мейрамханасында карантин шараларын бұзу фактісі тіркелген.

Мониторингтік топ мерекелік кеш өтіп жатқан мекемеге бас сұққанда, қонақтар айыппұл төлемеу үшін жан-жаққа қашқан көрінеді. Олар ең тиімді жол деп жазық даланы таңдаған. Осы сәтті куәгерлер ұялы телефондарын түсіргені белгілі болды.

Теміртау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство Grand Hall мейрамханасында карантин талаптарын бұзу фактісі анықталғанын растап отыр.

"9 тамызда 102 пультіне Металлургов даңғылында орналасқан Grand Hall мейрамханасында жаппай шара өтіп жатқандығы туралы хабарлама келді.

Мониторингтік топ келгеннен кейін факт расталды. Қонақтар мейрамханадан жертөле арқылы шыға бастаған. Мекеме иесіне 670 910 теңге айыппұл салынады", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ведомство сонымен қатар Қарағанды ​​облысы коронавирустың өршуіне байланысты "қою қызыл" аймақта тұрғанын еске салды.

Әкімдік қала тұрғындарын карантин талаптарын сақтауға, жақындары мен өз денсаулығын қорғауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926633-zazyq-dalaga-zugirdi-temirtauda-monitoringtik-toptan-qasqan-toi-qonaqtary-kulkige-qaldy/