RU

Жамбыл облысында жоғары лауазымды полицей коронавирустан қайтыс болды

Мәмбет Смайылов
Мәмбет Смайылов. Фото: Жамбыл облысы ПД

11 тамызда 53 жасқа қараған шағында Жамбыл облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы, полковник Мәмбет Смайылов коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәмбет Райымбекұлы 1969 жылы 15 сәуірде Жамбыл облысы Свердловский ауданында (қазіргі Байзақ ауданы) өмірге келген. Техникалық және заңгерлік мамандықтар бойынша екі жоғары білімі бар.

КСРО Қарулы күштерінде әскери борышын өтегеннен кейін Жамбыл облысының құқық қорғау органдарына қабылданып, осы салада 28 жыл еңбек еткен.

"Полиция полковнигі әріптестерінің жадында кәсіби, еңбекқор маман, елі мен халқы үшін аянбай адал еңбек еткен тұлға ретінде қала бермек", - дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінен.

Сонымен бірге, ведомство Жамбыл облысының барлық полицейі үшін Мәмбет Райымбекұлының кенеттен өмірден өтуі орны толмас қаза екенін атап өтті.

"Ішкі істер органдарының басшылығы, полицейлердің жеке құрамы мен ардагерлері марқұмның жұбайы Мадина Тұрғымбекқызына, қыздары Әсем, Анар, Дианаға, ұлы Абылайға, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады", - дейді өңірлік полиция департаменті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының экс-басшысы, отставкадағы полиция полковнигі Владимир Щелочков коронавирус инфекциясынан қайтыс болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926704-zambyl-oblysynda-zogary-lauazymdy-policei-koronavirustan-qaitys-boldy/