RU

Қыз-келіншектерді пышақпен қорқытып зорлаған алматылық тұрғын сотталды

Айыпталушы
Көрнекі фото: Максим Золотухин

Алматыда "Баум" тоғайында қыз-келіншектерді торуылдап, пышақпен қорқытып зорлап келген ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов Іnstagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, тергеу кезінде азамат Айдархановтың тоғайдың адам аз жүретін аумағында қыз-келіншектерді торуылдап, оларды пышақпен қорқытып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасағаны анықталған.

Бұл іске қатысты тергеуді Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген.

Тергеу барысында күдіктінің төрт қылмысқа қатысы бары дәлелденген.

"1991 жылы туған Айдарханов ҚК-нің 121-бабы 2 бөлігі 4-тармағы бойынша (бірнеше рет жасалған "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") сотталды", – деп жазды Рустам Әбдірахманов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда кәмелеттік жасқа толмаған қызға жыныстық зорлық жасады деген айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында бала зорлады деген күдікке ілінген ер адам ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926816-qyz-kelinsekterdi-pysaqpen-qorqytyp-zorlagan-almatylyq-turgyn-sottaldy/