RU

Вагондардың астынан өтпек болған: Таразда үш жасар қызды пойыз басып кетті

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жамбыл облысында үш жасар қызды жүк пойызы басып кетті. Ауыр жарақат алған сәби оқиға орнында көз жұмды деп хабарлады "Хабар 24".  

Қайғылы жағдай Құмшағал бекетінде болды. Тараз стансасы желілік полиция өкілдерінің айтуынша, қыздың анасы теміржолда тұрған вагондардың астынан өтпек болған. Сол мезетте пойыз қозғалып кетіп бүлдіршінді мыжып кеткен.

Қазір баланың анасымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Ол жерде кінәлі адамдардың бар-жоғы тергеу амалдары кезінде анықталады", - деді Тараз стансасы желілік полиция бөлімінің бөлімше басшысы Мақсат Дүйсенбиев. ­

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында Көліктегі полиция қызметкерлері патруль кезінде жүріп бара жатқан пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кеткен ер адамды байқап, оны құтқарып қалған еді.

Оқиға 23 шілде күні Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Луговой бекетінде болған. Ер адам Көкшетау-Қызылорда бағытындағы пойызға кешігіп келіп, жылжып бара жатқан вагонның есігін қаққан.

Ол полиция қызметкерлерінің ескерту ысқырығына да жауап бермеген. Салдарынан абайсызда жолаушының аяғы тайып, пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кеткен.

"Бақытымызға орай, пойыз шұғыл тежегішті басып, тәртіп сақшылары оны пойыз астынан шығарып алды", - дейді көліктегі полиция өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926983-vagondardyn-astynan-otpek-bolgan-tarazda-us-zasar-qyzdy-poiyz-basyp-ketti/