"Өкпелері қабынып, демалулары қиындайды": СҚО-да COVID-19 жұқтырған балалардың саны артты
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған балалардың саны маусымға қарағанда шілдеде 8,5 есе өскен деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирустың таралуы бойынша брифинг өткізген мамандар бұл дертті балалардың да көптеп жұқтырып жатқанын айтып, дабыл қақты.
Жалпы індет басталғалы бері 839 бала коронавируспен ауырса, биылғы маусымға қарағанда шілде айында дертті жұқтырғандар саны 8,5 есе артқан.
Сондай-ақ, стационарларға ауырып түсетін балалар саны да 4 есе көбейген.
"Осы уақытқа дейін 621 бала дерттен жазылды. Қазір 218 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың 22-сі стационарда ем алып жатыр, жағдайлары орташа. Бұрын балаларда коронавирустың белгілері көбінесе болмайтын немесе жеңіл өтетін. Қазір олардың да дене қызуы көтеріледі, өкпелері қабынып, демалулары қиындап, бізге интоксикациямен түседі", - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Маманның айтуынша, бүгінде облыс бойынша 196 бала амбулаторлық ем алып жатыр.
"Тамыз айында мектеп оқушылары арасында 128 жағдай тіркеліп отыр. Сол себепті жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды вакцина алуға шақырамыз. Мектептерге де эпидемиологиялық және карантиндік шаралардың сақталуына қатысты үнемі мониторинг жүргізіледі. Мұғалімдердің вакцина алуы да біздің назарымызда. Әзірге олардың 95,6 %-ы ғана екпе алған.
Облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, белгілі санатқа жататын адамдар 10 тамызға дейін вакцинаның бірінші компонентін алуға тиіс болатын. Әлі 1 қыркүйекке дейін уақыт бар", - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927148-okpeleri-qabynyp-demalulary-qiyndaidy-sqo-da-covid-19-zuqtyrgan-balalardyn-sany-artty/