RU

"Үшеуі бала": Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты болып, бес адам қаза тапты

Кадр
Фото: instagram.com/oleg.tdk

Алматы-Өскемен тас жолында болған жол апатынан бес адам қаза тауып, үшеуі ауруханаға жеткізілді. Көз жұмғандардың арасында үш бала бар. Жол-көлік оқиғасы туралы Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға орнында түсірілген фотолар мен видеолар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрдан жеңіл көліктің жол жиегіндегі қоршауға соғылғанын көруге болады.

Куәгерлердің сөзінше, жол апаты Шеңгелді ауылының маңында орын алған.

Қайғылы жағдайды Алматы облысының полиция департаменті растап отыр.

"Жол-көлік оқиғасы 14 тамыз күні сағат 15:30 шамасында болды. DAEWOO NEXIA көлігімен оңтүстік бағытта келе жатқан 64 жастағы жүргізуші рульді басқара алмай, аударылып кетті.

Оқиға орнында 5 адам қайтыс болды, оның ішінде үшеуі бала. Жүргізуші мен тағы екі жолаушы түрлі жарақатпен Қапшағай ауруханасына жеткізілді" делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Сонымен қатар ведомство аударылған жеңіл көліктің ішінде сегіз адам болғанын жеткізді.

Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тергеуді облыстық полиция басшылығы ерекше бақылауына алғандарын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927230-useui-bala-almaty-oblysynda-zantursigerlik-zol-apaty-bolyp-bes-adam-qaza-tapty/