Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәріден соң бір орында тұра алмадым": Ет жақын туыстары жындыханаға жапқан алматылық тұрғын жан сырын ақтарды

Опубликовано:

бойжеткен11
Көрнекі фото: pixabay.com

Гүлмираш Әбдіхалықтың бірнеше айдан бері Алматыдағы "Жан Сая" дағдарыс орталығын паналап жүргенін бұған дейін жазған болатынбыз. Ол барар жері, басар тауы қалмағандықтан, осы жерге бас сауғалаған. Гүлмираш өзінің ет жақын туыстарынан қашып, психологтардан көмек алуда. Алматылық тұрғын 12 жылдан бері ата-анасы мен әпкелерінен және ағасынан қысым көріп келгенін айтады. Тіпті, жақындары оны жындыханаға да жауып көріпті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын баяндаған Гүлмираш отбасында жылу болмаса, адамнан береке қашатынын ашық айтты.

"Өткен жолы әкем мен ағамның мені жындыханаға жапқанын айттым. Бұл 2008 жыл болатын. Менің 18 жасқа толған шағым. Үйімдегі бірге туған бауырларыммен ойым бір жерден шықпайтындықтан, олар сияқты ойламайтындықтан бүгінгі күйге түсіп отырмын. Әлі есімде, жындыханада алдымен ұлты қазақ дәрігермен сөйлестім. Ол мені түсінбеді, түсінуге тырыспады.

Кейін орыс ұлтының өкілі қабылдады. Қуанышқа қарай, ол менің ақыл-есімнің дұрыс екеніне сенді. Бірақ мені анам келіп шығарып алғанша, неше түрлі дәрі-дәрмекті ішкізді. Ине де салды. Сол дәрілердің әсері есіме түссе, әлі күнге дейін денем түршігеді. Бұл сау адамды ауру қылатын дәрілер еді.

Дәріні еккен соң не отыра алмайтын, не тұра алмайтын күйге түсесің. Ұйықтай да алмайсың, тар бөлмені шыр айналасың, болды. Менің өмірімдегі ең азапты күндерді осылайша әкем мен ағам ұйымдастырып берді. Кейін анам келіп ақшамен шығарып алды, есепке тұрғызбау үшін де қырғын қаражат бергенін білемін.

Сол кезде анамның жүз жылға қартайып кеткенін көрдім. Әрине, менің жындыханада болғаным оған ауыр тиді. Бірақ кейін талай рет ол маған емес, басқа балаларының өсегіне сенді, мені қайтадан басқалардан төмендете бастады. Оның не үшін бұлай қылғанын түсіне алмадым. Кейін бәрібір басқа балаларын биік көретін болса, мені не үшін шығарып алғаныма да таңым бар", - дейді Гүлмираш.

2017 жылы оның анасы мидағы қатерлі ісік дертінен қайтыс болды. Осыдан соң әпкелері, сіңлісі мен ағасы бұған тағы да Гүлмирашты кінәлай бастаған.

"Әрине, қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Анамның ауруына мені кінәлағандары жаныма батты. Шын мәнінде, өз бетімен күнін көріп, ешкімге орынсыз килікпейтін менен гөрі, өз отбасыларындағы бітпейтін проблемаларын айтатын әпкелерімнің анама ықпалы да, әсері де мықты еді. Олар өздерінің таусылмайтын мәселелерін анама айтып, басын қатырғанын мойындамайды. Бірақ баяғы мені ең соңында кінәлап шығарады. Мұның бәрі менің жүйкеме үлкен күш болды", - дейді Гүлмираш.

Гүлмираш Әбдіхалық жоғары оқу орнын өз күшімен бітіріп, ағылшын тілі курсын ашқан. Өз бетімен жеке өмірін құруға талпынған. Бірақ туған-туыстарының араласуы салдарынан ол бүгінде өзінде барынан тағы айырылып отыр.

"Бірнеше рет бөлек пәтер жалдап тұрдым. Достарым да жоқ емес. Анам қайтқан соң, әкемнің шақыртуымен үйге бардым. Әпкелерім тұрмыста, үйде сіңлім мен әкем ғана еді. Бірақ бәрібір басымыз сыйыспады. Менің жұмысымда құлдырау басталды. Несиемді өтей алмай қалдым, көптеген ата-ананың ақшасын қайтарып бердім. Бүгінде мен есепшотымды банк бұғаттап тастады. Өйткені, 500 мың теңгені өтей алмай жүрмін.

Курс кезінде ақшаны клиенттерім достарыма аударатын. Мен әр досымның карточкасын ақшаны шешіп алуын өтініп бүгінге дейін жеттім. Кейін баратын жерім қалмай, тығырыққа тірелгенімді түсіндім. Сосын осы орталықты таптым. Бүгінде психологпен жұмыс істеудемін. Арманым – білімімді одан әрі жетілдіріп, өз ойымдағы бизнесімді дөңгелету. Сөз соңында барлық ата-анаға кеңесімді айтқым келеді.

Балаларыңызды бөліп-жармаңыздар. Барлығын да ерекшеліктерімен, бар мінездерімен жақсы көріңіздер. Көпбалалы отбасында өсіп, мінезімнің ауырлау болғанынан жақындарымнан жылу таппаған адам ретінде айтарым осы. Бала күнінен махаббатқа бөленбеген сәби қоғамда да оқшауланып қалады. Сол үшін балаға ата-ана мен жақындарының қолдауы, махаббаты маңызды", - дейді Гүлмираш.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927281-dariden-son-bir-orynda-tura-almadym-et-zaqyn-tuystary-zyndyxanaga-zapqan-almatylyq-aiel-zan-syryn-aqtardy/

pixel