Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сапарбаев: Суды үнемдеп, тиімді пайдалана білсек – мәселе туындамайды

Опубликовано:

Сумен қамту
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы бұған дейін мал азығын дайындау барысын, суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуді реттеу бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жексенбі күні Байзақ және Жамбыл аудандарына барып, егістіктерді сумен қамту бойынша атқарылып жатқан шаруалармен және бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Талас су торабына ат басын бұрып, жай-күйіне қанықты. Ағынды реттеу мақсатында пайдаланылатын су торабының өткізу мүмкіндігі секундына 267 текше метрді құрайды. Оған суаруға жататын 44,92 мың гектар жер бекітілген. Бұл туралы «ҚазСуШар» РМК облыстық филилы директоры Қазыбек Бедебаев баяндады.

Негізінен Жамбыл облысы жер үсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Яғни, суармалы су мәселесінде жамбылдық диқандар көрші Қырғыз Республикасынан келетін су көздеріне айтарлықтай тәуелді, бұл орайда «Киров» су қоймасының маңызы зор.

Сумен қамту
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Бердібек Сапарбаев екі ел үкіметінің арасындағы өзара келісімнің нәтижесінде, бүгінде Қырғызстаннан секундына 18 текше метр су тұрақты түрде түсіп отырғанын жеткізді.

«Биыл жауын-шашынның аз түсуі шаруалар үшін қолайсыз болғаны белгілі. Дегенмен, босқа даурығуға негіз жоқ. Бар суды ұтымды ұқсатып, ысырап қылмай, үнемдеп, тиімді пайдалана білсек, вегатациялық кезеңді ойдағыдай өткеруге мүмкіндік жеткілікті. Бұл орайда маңыздылығына қарай егістік алқаптарға суды кезегімен жіберіп, реттеп отыру керек. Жоңышқаның үшінші-төртінші орымына қол жеткізу, қант қызылшасының да ылғалсыз қалмауына айрықша ден қойыңыздар. Бастысы, егілген өнім далаға кетпеуі тиіс», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қырғызстанмен келіссөздерді жалғастыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Сумен қамту
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Бұдан соң, Бердібек Сапарбаев іргедегі «ҚазСуШар» РМК облыстық филилы мекемесінің қызметімен және жолай Байзақ ауданы Тастақ тұрғын алабындағы Байзақ ЛОК су торабының жұмысымен, Бурыл ауылындағы «Яшар» шаруа қожалығының 25 гектар қант қызылшасы алқабымен танысты.

Аталған ауылдық округінде «GRAND FOODS PREMIUM» ЖШС көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы бес мың тонна болатын сақтау қоймасының құрылысын жүргізген. Жоба құны – 500 млн теңге. Бұл туралы серіктестік басшысы Жалил Аббосов тілге тиек етті.

Заманауи технологиялармен, тоңазытқышпен қамтылған қойма ағымдағы жылдың қыркүйек айында, ал концервілеу цехы келер жылдың бірінші жарты жылдығында іске қосылады деп күтілуде.

Сумен қамту
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Аймақ басшысы, өнімдерді сақтап, оларды кейінірек тапшы кезінде өткеріп, тиісінше пайдаға кеңелудегі қойманың маңыздылығын алға тартып, бағаны тұрақтандыруға да мүмкіндік беретінін баса айтты. Ал, консервілеу цехы іске қосылғанда мұндағы жұмыспен қамтылған жергілікті тұрғындар саны 30-40 адамға артпақ. Қазіргі таңда тиісті субсидияға қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы басқармасымен қажетті құжаттар жинақталуда екен.

Айта кетейік, бүгінде Байзақ ауданы аумағында барлығы 16 көкөніс сақтау қоймасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы 34 мың тоннаны құрайды.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Көктал ауылындағы «АЛЛЕЛЬ АГРО» АҚ Жамбыл филиалының жұмысына қанықты.

Сумен қамту
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізген кәсіпорын биыл 3,5 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отыр. 2024 жылға қарай жылдық қуаттылығын 44 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде.

«Барлығы 5 құс фабрикасының құрылысы жоспаланған. Алғашқы фаврика бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, қазір ондағы 12 кешенге 300 мың балапан отырғызып үлгердік. Екінші фаврика бойынша тағы 12 кешеннің құрылысы қазан айына дейін аяқталады. Қалған үш фабриканы алдағы үш жылда тұрғызатын боламыз. Олардың әрқайсысындағы кешендер саны 24-ке дейін жетеді», - дейді өндірістік-техникалық бөлім басшысы Асқар Баймұханбетов.

Сондай-ақ, кәсіпорынның өзінің жем зауыты мен сою цехы ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосылмақ. Бүгінде олардың құрылысы қызу жүруде.

Бердібек Сапарбаев
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Облыс әкімінің жұмыс сапары Жамбыл ауданындағы Аса су торабының жай-күйімен танысумен түйінделді. Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, суармалы суды үнемді пайдаланудын маңыздылығын тағы да баса айтып өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927427-saparbaev-sudy-unemdep-tiimdi-paidalana-bilsek-masele-tuyndamaidy/

pixel