ШҚО тұрғыны фотошоппен жалған вакцина паспортын қалай жасағанын айтты
Жарияланған күні:
Жалған вакцинация паспортын сатқаны үшін ұсталған ер адам заңсыз кәсібінің схемасын ашып берді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Глубоковский ауданының тұрғыны полиция назарына іліккен. Тәртіп сақшылары бұған дейін ұрлық үшін бірнеше рет сотталған 43 жастағы ер адам тұрғындарды алдап, пайда тапқысы келгенін анықтаған. Ол адамдарға 5 мың теңгеге жалған вакцинация паспортын жасап беруге уәде еткен.
Қаскөй арнайы компьютерлік қосымша мен фотошоп арқылы жалған бланк жасаған.
Ұсталған адам өзінің жұмыс схемасын айтып берді.
"Вакцинация паспортын жасайтыным туралы хабарландыру бердім. Қоңыраулар түсе бастады. Мысалы, маған бір әйел хабарласып, қызмет құны туралы сұрады. Мен мұның 5000 теңге екенін айттым. Ол маған WhatsApp-қа жеке куәлігін жіберіп, 5 мың теңге аударды. Бос бланкке суретін қойып, аздап өңдеп, деректерін қойып, өзіне жібердім", - дейді күдікті.
ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиевтің сөзінше, қазір ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы және 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Оған жалған вакцинация паспортын алу үшін жүгінген азаматтардың бәрі анықталып, жауап алынып жатыр", - деді полиция басшысы.
Мұндай жалған құжаттар Ashyq бағдарламасы аясында құжат иелеріне қандай да бір құқық бермейтіні атап өтілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927529-sqo-turgyny-fotosoppen-zalgan-vakcina-pasportyn-qalai-zasaganyn-aitty-video/