Алматыдағы Rixos қонақ үйінің менеджеріне еврей қауымдастығының жиыны үшін айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Rixos қонақ үйінің менеджеріне еврей қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараны өткізгені үшін 30 АЕК айыппұл салынды. Одан бөлек, қонақ үйге қатысты тексеріс жалғасатын болды. Бұл туралы ОКҚ өткен онлайн-брифинте Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мониторингтік топ материалдары бойынша синагог тарапынан да, Rixos тарапынан да ұйымдастырушы менеджерлер жазаланды. Қонақ үй менеджеріне 30 АЕК (87 510 теңге - ред.) айыппұл салынды және қазір жұмыс жалғасып жатыр.
Бұл тексеру прокуратурадан рұқсат алғаннан кейін жүргізіледі және анықталғандардың бәрі жазаланады. Бәрі заң аясында болады. Аталған іс-шараны ұйымдастырып, өткізетін орын бергені үшін қонақ үй менеджері жазаланды", - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның сөзінше, жиынға қатысқандарға маска тақпағаны үшін айыппұл салу мүмкін болмапты. Өйткені олар сырттан келгендер және бір тәуліктен кейін Алматыдан кетіп қалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Rixos Almaty қонақ үйінің алдында еврей қауымдастығының өкілдері жиналған видео тараған болатын.
Бұл жайтқа қатысты тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде шараны ұйымдастырушы Орталық синагога басшысына 30 АЕК айыппұл салынған еді.
Алматы санитарлық-эпидеиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың сөзінше, қонақ үй басшылығының адамдардың жиналуына еш қатысы жоқ. Сол себепті Қалықова оларға айыппұл салынбайтынын айтқан болатын.
Кейінірек, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еврей қауымдастығының жиыны өткен Rixos қонақ үйіне айыппұл салынбағаны үшін қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинді сынға алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927590-almatydagy-rixos-qonaq-uiinin-menedzerine-evrei-qauymdastygynyn-ziyny-usin-aiyppul-salyndy/