RU

Ауғанстанда қанша қазақстандық дипломаттың жұмыс істеп жатқаны белгілі болды

Құжаттар
Көрнекі фото: pexels.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстан аумағындағы қазақстандық дипломаттар туралы айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

"Осыдан бірнеше күн бұрын біз Ауғанстан аумағында "Қазақстан азаматы жоқ" деп айтқан болатынбыз. Өйткені бізге белгілі отандастарымыз ол жақтан шықты. Дегенмен соңғы 2-3 күннің ішінде Ауғанстандағы елшілікке Қазақстан азаматымыз деп бір топ адам жүгінді. Олардың тиісті құжаттары бар. Осыған дейін хабарлағанымыздай 25 адам Алматы қаласына жеткізілді. Оның қатарында 15 ересек және 10 бала бар. Қазіргі уақытта Ауғанстанда 10 қазақстандық дипломат қызметін жалғастырып жатыр. Олар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр, қауіпсіздіктері қорғалған", - деді ол.

Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.

Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді.

15 тамыз күні "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулды ұрыссыз бағындырды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.

Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.

Ал "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927826-auganstanda-qansa-qazaqstandyq-diplomattyn-zumys-istep-zatqany-belgili-boldy/