RU

БҰҰ-ның Ауғанстанға көмектесетін ұйымдары Алматыға уақытша орналастырылмақ

СІМ
Фото: Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы (UNAMA) мен АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктері Алматы қаласында уақытша орналастырылады. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді.

Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.

Бүгін, 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылады.

Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтілуде.

Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927852-buu-nyn-auganstanga-zardem-korsetetin-uiymdary-almatyga-uaqytsa-ornalastyrylady/