RU

Алматыда вакцинация паспортын сатты деген күдікпен емхана меңгерушісі ұсталды

екпе
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы қаласында емхана меңгерушісі, оның қол астындағылар мен делдалдар жалған вакцинация паспортын сатты деп күдіктелуде. Бүл туралы Zakon.kz Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап хабарлайды.

"Олар пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин режиміне қарамастан, Алматы қаласы аумағында ақшалай сыйақы үшін 100-ден аса жалған вакцинация паспортын дайындады, сатты деген күдікке ілініп отыр.

Сондай-ақ, олар вакцина алғаны жайлы белгілейтін журналға және ДСМ "Вакцинация" электронды модуліне жалған деректер енгізді деп күдіктелуде.

Соның негізінде "egov.kz" электрондық үкімет порталында коронавирус инфекциясына қарсы жалған электрондық вакцинация паспорттары құрастырылған", - дейді Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Ведомство аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын, күдіктілерге қатысты шешімді олардың кінәлілік дәрежесін анықтай отырып сот шығаратынын атап өтті.

Айта кетейік, жақында ішкі істер министрлігі Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қаладағы емханаларда әскери қызметшілерге вакцина паспорттарын қолдан жасап сатқандарды анықтаған еді.

Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Осы орайда ішкі істер министрлігі жалған құжат жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны қолданғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928032-almatyda-vakcina-pasportyn-satty-degen-kudikpen-emxana-mengerusisi-ustaldy/