Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баратын жеріміз жоқ": Қазақстандағы ауғандар биліктен пана сұрауда (видео)

Опубликовано:

Абдул Басит Мусадих
Абдул Басит Мусадих. Видеодан кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Кезінде Қазақстанға оқуға келген ауғандар ел билігінен уақытша пана беруді сұрап отыр. Айтуынша, қазір отанына оралу олар үшін қауіпті.

Қазақстанда тұратын Ауғанстан азаматтарымен "Еуразия" бірінші арнасының тілшілері тілдесті.

"Ариана" ауған қоғамдастығының төрағасы Васток Ахмадулланың сөзінше, соңғы уақытта оған ауған студенттері хабарласып, Қазақстанда тұру уақытын ұзартуды сұрайды екен.

"Олар осында білім алған, енді "Талибан" (Қазақстанда және бірнеше елде тыйым салынған ұйым-ред.) террорлық ұйымының құрбаны бола ма? Сондықтан олар: осы елде уақытша өмір сүруге мүмкіндік беру үшін Қазақстан билігіне жүгініп отыр", - дейді "Ариана" ауған орталығының басшысы Васток Ахмадулла.

Халықаралық қатынастар факультетінің магистратура түлегі Абдул Басит Мусадихтің елде тұрып жатқанына жеті жыл болған. Ол Қазақстанның Ауғанстан студенттеріне бөлген 1000 грант бойынша білім алған.

"Осындай жағдайдан кейін осы елде бастаған кәсібімді ары қарай дамытып, осында қаламын деп ойлаймын. Қазір өз кәсібімді ашу үшін менеджер болып жұмыс істеудемін. Кейінірек Ауғанстанға көмектесіп, ата-анамды осында алып келгім келеді. Олардың да тыныш өмір сүргенін қалаймын", - дейді Абдул Басит Мусадих.

Ал Ауғанстан азаматшасы Барно Кагар қазақстандық университетті "Информатика" мамандығы бойынша тәмамдап, еліне кетуді жоспарлап отырған. Бірақ, бойжеткен бірнеше күннен бері Мазари-Шарифте қалған туыстарымен байланыса алмай отырғанын айтады.

"Мен тіпті олардың қайда екенін де білмеймін. Жағдайынан да бейхабармын. Қазір Ауғанстанда барар жерім жоқ. Не істерімді білмеймін", - дейді бойжеткен.

Барноның сөзінше, тәліптер шетелде білім алған студенттерге аяшулық танытпайды. Өз отанында бойжеткен жұмыссыз қалады немесе мәжбүрлі түрде тұрмысқа шығады.

"Тәліптер 14 жастан 45 жасқа дейінгі жас қыздарды өздері әйелдікке алатынын айтады", - дейді Барно.

Барно мен Баситты "жергілікті босқындар" деп атауға болады. Олар көші-қон полициясына босқындар мәртебесін алу туралы өтінішпен жүгіне алады. Барно Кагар жинау керек тиісті құжаттар тізімін де алып үлгерген.

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қазақстандық кеңсесінің мәліметінше, әзірге 35 ауған студенті құқық қорғау органдарына жүгінген. Елімізде соңғы жылдары Ауғанстаннан келген жалпы 600 босқын пана тапқан.

"Шынымды айтсам, мен күмәнмен қараймын. Қазақстан көптеген босқынды қабылдауға дайын екеніне сенімді емеспін, өйткені біздің елде мұндай үлкен лагерьлерді орналастыру тәжірибесі болған жоқ. Халықаралық құқық нормаларын сақтауға құрметпен қарағанмен, бұл жерде ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрғанын түсіну керек", - дейді Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро директорының орынбасары Денис Дживага.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда оқитын ауған студенттері еліміздің білім және ғылым министрлігінен көмек сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928053-baratyn-zerimiz-zoq-qazaqstandagy-augandar-bilikten-pana-surauda-video/

pixel