RU

Қарағандыда құдағиын ұрды деп айыпталған әкім ақталып шықты

Бастық1
Көрнекі фото: piqsels.com

Қарағандыда Осакаров ауданы Пионер ауылдық округінің әкіміне қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол өз құдағиының денсаулығына қасақана жеңіл түрде зиян келтірді деген күдікке ілінген болатын. Алайда сот шенеуніктің еш кінәсі жоқ екенін анықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қарағандының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші әйелдің полицияға 5 шілде күні арыз түсіргені анықталды.

Оның сөзінше, Пионер ауылдық округінің әкімі Жанбота Көкішев Қарағандыдағы Шахтерлар даңғылы бойында орналасқан № 60 үйдің кіребірісі маңында өзіне дене жарақатын салған. Алайда сотта оның сөзі жалған болып шықты.

Анықталғандай, оқиға аталған мекенжайдағы кіребірісі маңында емес, лифтіде болған.

Сонымен бірге екі құданың жанжалына некеде тұрған балаларының ұрысуы себеп болғаны белгілі болған.

Сол күнгі оқиғаға қатысты әр тараптың өз нұсқасы бар. Жәбірленуші мен оның куәгері әкімнің әйелге дене жарақатын салғанын айтқан. Ал шенеунік пен оның куәгері мұны жоққа шығарған.

Туыстардың дауына сот-медициналық сараптамасынан кейін нүкте қойылды. Оның қортындысы бойынша әйелдің денесіндегі жарақатты шенеунікпен жанжал болған күні емес, бірнеше күн бұрын алғаны анықталған.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, айғақтарды назарға алған сот шенеунікке қатысты істі тоқтату туралы шешім шығарған.

"Сот Көкішевтің іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамның болмауына байланысты оған қатысты істі тоқтату туралы шешім қабылдады", - дейді Қарағандының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928104-qaragandyda-qudagiyn-urdy-dep-aiyptalgan-akim-aqtalyp-syqty/