Алматыда теміржол қызметкерін өлтірмек болған күдікті ұсталды
Опубликовано:

Алматы қаласының 34 жастағы тұрғыны теміржол қызметкерін өлтірмек болды деген күдікке ілінді. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Оқиғаның мән-жайын көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев баяндады.
"2021 жылғы 26 шілдеде Алматы-1 станциясындағы Желілік полиция басқармасының кезекші бөліміне белгісіз адамның "Н" есімді азаматты өлтірмек болып, оқ атқаны туралы хабарлама түсті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті адам анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс құралы болған – "Наган" жүйесінің револьвері тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді полиция генерал-майоры.
Айта кетейік, осыған дейін Сәтбаев қаласында белгісіз біреу түнде 41 жастағы қала тұрғынын атып кеткенін жазған едік. Алған жарақаты салдарынан ер адам көз жұмды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99- бабы (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің және Сәтбаев қаласының полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қылмыстың түрлі нұсқалары тексерілуде.
Одан бөлек, Тараз тұрғыны кафе алдында ер адамды пышақтап кеткенін жазған едік. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, яғни адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928129-almatyda-temirzol-qyzmetkerine-oq-atyp-zaralagan/