Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау өзендерінде шоршып "ұшқан" жүздеген балық көпті алаңдатып қойды

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Хабар 24

Атырау өзендерінде тулап "ұшып", балықшылардың қайығына өздері шоршып, секіріп кіретін балықтар көпшілікті алаңдатып қойды деп хабарлайды "Хабар 24".

Белгілі болғандай, өзенде қайыққа өздері секіріп мінетін балықтардың қарасы аз емес екен. Телеарна таратқан мәліметке сәйкес, мұндай "ұшқыш" балықтардың басым көпшілігі карп тұқымды балықтар көрінеді.

Өңір балықшылары су жануарлары өскен ортасында қандай да бір өзгерісті байқаса, осылай мазалары қашуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Сондай-ақ олар мұндай жағдай негізінен өзен суы ластанғанда немесе айдын беті шуға толып, қозғалыс көбейгенде байқалатынын жоққа шығармайды.

Естеріңізде болса, өңірде осымен екі жылдан астам уақыт бойы Жайық және Қиғаш өзендерінде тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

"Сол себепті жылдағы өрісте қолайсыздыққа бола балықтар өзінше мінез танытуы да әбден мүмкін", – дейді атыраулық балықшылар.

Десе де мамандар балықтардың бұлай тулай жүзуінің нақты себебін әлі де айта алмай отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Маңғыстау тұрғынынан 200 келіден астам бекіре балығын тәркілегенін туралы хабарлаған едік.

Сонымен қатар жедел уәкілдер тоңазытқыш, екі моторлы және бір резеңке қайық, бинокль, рация, су резеңке костюмі (гидрокостюм), сондай-ақ мың метрден астам балық аулау желісін тәркілегені белгілі болды.

Ұсталған 21 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928143-atyrau-ozenderinde-sorsyp-usqan-zuzdegen-balyq-kopti-alandatyp-qoidy/