RU

"Марқұмның заттарын жуып қойған": Павлодарда жігітінің кісі өлтіргенін жасырған қыз ұсталды

Кісен
Көрнекі сурет: pixabay.com

Павлодар облысында жігітінің адам өлтіргенін жасырды деген күдікпен қыз ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.

Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы ауыл тұрғынына қатысты істі тергеп жатыр.

"Маусым айының соңында Успен ауданының Қозыкеткен ауылында 22 жастағы жергілікті тұрғын жанжалдан кейін танысына пышақ жарақатын салған, соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Ауыл тұрғыны қылмыстың куәгері болды, бірақ полицияға болған оқиға туралы хабарлаудың орнына заттай айғақтардан арылуға тырысқан", – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Оның сөзінше, қыз қылмыс құралы – пышақты жуып, жасырды, сонымен бірге марқұмның заттарын жуды деген күдікке ілінген.

"Осыдан кейін тұрғындар оқиға орнынан кетіп, бақшаға тығылған. Олар жазадан жасырыну үшін ауданнан кетуді жоспарлаған, бірақ жоспары жүзеге аспады. Бірнеше сағаттан кейін полиция ұстады", - деп толықтырды Қайыров.

Қылмыс жасаған күдіктіге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ал осы қылмысты жасырған оның сүйіктісіне қатысты 432-бап бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928149-marqumnyn-zattaryn-zuyp-qoigan-pavlodarda-zigitinin-kisi-oltirgenin-zasyrgan-qyz-ustaldy/