Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барып, Путинмен кездеспекші
Опубликовано:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Ертең, 21 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барады. Сапар барысында Президент Владимир Путинмен кездесу жоспарланған.
Екі ел басшылары Еуразия кеңістігіндегі өңірлік қауіпсіздік және интеграциялық үдерістер мәселелері бойынша пікір алмасады. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелері талқыланады" , - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Тери Хакаланы қабылдаған болатын.
Тери Хакала мемлекет басшысына Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишелдің сәлемін жеткізді. Онда Кеңес басшысының Қазақстан президентін осы жылдың соңына дейін Брюссельге шақыратыны айтылған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара стратегиялық іс-қимылына оң баға берді. 2020 жылдың наурыз айында күшіне енген Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім осы қатынастарға тың серпін берді.
"Біз Еуропалық Одақпен қарқынды сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 24 миллиард долларға жуықтады", – дейді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928215-qasym-zomart-toqaev-reseige-zumys-saparymen-barady/