RU

Ұлттық банк: қазақстандықтар ипотеканы жиі рәсімдей бастады

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда ІІ тоқсанда ипотекалық қарыз бойынша өтініш саны 30%-ке өсіп, 97 мыңды құрады. Ал мұндай өтінімдерді мақұлдау көрсеткіші 74%-тен 78%-ке дейін артты деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

"2021 жылдың ІІ тоқсанында ипотекалық кредиттеу бойынша сұраныстың артуы "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша бөлінген лимитті игерудің аяқталуы туралы хабарландырумен байланысты. Сондай-ақ, зейнетақы жинағын баспана сатып алуға немесе жөндеуге жұмсау бойынша халық қызығушылығы әлі де жоғары", – деді Ұлттық банктегі қаржылық тұрақтылық пен зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Олжас Күбенбаев.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келесі тоқсанда жекелеген банктер өз өнімдері бойынша проценттік мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отыр. Сәйкесінше ипотекалық кредиттеуге сұраныс артады, деді Күбенбаев.

Сауалнамаға Қазақстандағы 21 банк қатысты. Респонденттердің ақпараты бойынша, маркетингтік акциялар өткізу және проценттік мөлшерлемелерді өзгерту кепілсіз тұтынушылық қарыз бен автокредитке деген сұранысты арттырды.

Осы тоқсанда бұл кредиттер бойынша өтінім саны 31% және 11%-ке артып, мақұлдау көрсеткіші сәйкесінше 47% және 14%-ті құрады.

Банктердің жекелеген кредиттер ұсынуға дайындығы бұрынғы деңгейде қалды, деді Ұлттық банкте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928236-ulttyq-bank-qazaqstandyqtar-ipotekany-zii-rasimdei-bastady/