RU

БАҚ: БҰҰ мен басқа да ҮЕҰ-ның 120 қызметкері Ауғанстаннан Қазақстанға жеткізілді

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ

Өткен жексенбіде Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстаннан Қазақстанға өз қызметкерлері мен басқа да үкіметтік емес ұйым өкілдерін эвакуациялады. Қазақстанға жалпы 120 адам жеткізілді.

Бұл жайында БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррикке сілтеме жасаған ТАСС агенттігі хабарлады. Басылым дерегінше, бұл соңғы аптадағы екінші әуе рейсі болып отыр.

"Жолаушылар қатарында БҰҰ қызметкерлері мен бірнеше үкіметтік емес ұйым мүшелері бар. Олар - Ауғанстандағы БҰҰ серіктестері",- деген Дюжаррик үйым мыңдаған қызметкері мен серіктесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті екенін мәлімдеді.

Одан бөлек, Стефан Дюжаррик қазіргі уақытта БҰҰ көмекке мұқтаж миллиондаған ауғанға гуманитарлық және басқа да қолдау көрсетумен айналысып жатқанын айтты.

Айта кетейік, БҰҰ қызметкерлері отырған алғашқы борт Алматыға 18 тамыз күні келді. Көп ұзамай желіде олардың ұшақтан түсіп жатқан сәтінен видео тарады.

20 тамыз күні қазақстандық СІМ БҰҰ Миссиясының қызметкерлерін неге дәл Алматы қаласына жіберілгеніне қатысты түсінік берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928440-baq-buu-men-basqa-da-ueu-nyn-120-qyzmetkeri-auganstannan-qazaqstanga-zetkizildi/