RU

Қостанайда итті балғамен ұрып өлтіргендер тұрғындардың үрейін ұшырды

Ит
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қостанайда аулалардың бірінде әлдекімдер итті балғамен ұрған деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл жайында қала тұрғыны Евгения Артанж өз Instagram парақшасында жазды. Айтуынша, оқиға 21 тамыз күні таңертең болған.

"Иттің даусы барлық аулаға естілді. Біз сыртқа шығып, адам сенгісіз жайттың куәсі болдық. Үш ересек адам (оның ішінде балдақпен жүретін кәрі көршіміз де бар) ағаштардың саясында, алты қабатты үйдің терезесінің астында итті қапқа салып, балғамен ұрғылап жатыр екен. Көпқабатты үй тұрғындары полиция шақырды. Итті құтқару мүмкін болмады. "Не істеп жатырсыздар?" деген сұраққа жартылай мас әйел қапты көрсетіп, "тауықтарды аулай бастады" деп сабырлы түрде жауап берді", - дейді автор жазбасында.

Полиция аталған жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Учаскелік полицей видеодағы тұлғаларды анықтау және жазаға тарту жұмыстарымен айналысып жатыр", - деді ведомстводан.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда көпқабатты үйдің алдында ит сойып, терісін сыпырғандар тұрғындардың үрейін ұшырған еді.

Одан бөлек, Алматы облысында күшікті құзға лақтырып, бұл әрекетін видеоға түсірген жасөспірім қыздар көпшілікті шошытқан еді.

Жасөспірім қыздардың бірі күшікті құздан лақтырып, екіншісі оны видеоға түсіріп тұрған.

Кейін полиция олардың бірін тауып, түсіндіру жұмысын жүргізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928485-qostanaida-itti-balgamen-uryp-oltirgender-turgyndardyn-ureiin-usyrdy/