RU

"Демалыс күндері жұмыс істеуі мүмкін": Мамин Ashyq жобасына қосылғандарға қатысты тапсырма берді

Ashyq қосымшасы
Көрнекі фото: gov.kz

Үкімет басшысы Асқар Мамин кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді деп хабарлайды primeminister.kz.

Отырыс барысында "Ashyq" жобасын одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігіне "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп "Ashyq" жобасына қатысушыларға демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Осы орайда үкімет басшысы "Атамекен" ҰКП-ға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бизнесті Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру үшін заңнамаға енгізілетін қажетті өзгерістерге талдау жүргізу керектігін, сондай-ақ тиісті тәсілдер мен критерийлерді дайындау қажет екенін айтты.

"Өңірлердің экономикалық картасы негізінде Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін құру бизнесті қолдау шараларының барлық спектрінің тиімділігіне мониторинг жүргізу және талдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді", — дейді Асқар Мамин.

Айта кетейік, қазіргі уақытта "Ashyq" жобасына қатысушылардың саны 111 мыңнан асады. Олардың жартысынан көбі сауда, тамақтану және білім беру салаларында қызмет көрсетеді.

Бүгінде бизнес субъектілерін қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында "Ashyq"-қа қатысуға өтінім беру және QR-код алу тәртібі жеңілдетілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928519-demalys-kunderi-zumys-isteui-mumkin-mamin-ashyq-zobasyna-qosylgandarga-qatysty-tapsyrma-berdi/