RU

Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім 10 жылға сотталды

Есірткі
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім 10 жылға сотталды деп хабарлайды polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен Бәйдібек ауданының тұрғыны есірткінің ірі көлемін заңсыз сақтап, өткізумен айналысатыны туралы хабарлама түскен.

Ақпарат алысымен көрсетілген мекенжайға ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Бәйдібек АПБ-нан тәжірибелі тәртіп сақшылары жеткен.

Полицейлер бірден жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде есірткі сату қылмысына қатысты күдіктіні ұстаған.

Ол аудан мектептерінің бірінде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім болып шыққан.

Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның асханасындағы шкафтың үстінен 10 дана бөлек пакетке салынған хош иісті, жасыл түсті, есірткіге ұқсас затты тауып, тәркілеген. Сонымен қатар, аталмыш асхананың шатырының үстінен ақ түсті қапқа салынған есірткі затына ұқсас жасыл затты тәркілеген.

Табылған заттарға сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысынан кейін күдіктіден алынған заттар жалпы салмағы 3 келіден асатын "кептірілген марихуана" екені белгілі болған.

Тергеу барысында күдікті есірткі заттарын сату үшін бөліп, пакеттерге салғанын мойындаған.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеп, күдіктіні қамауға алған.

"Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жан-жақты жүргіздік. Күдіктіден барлық айғақты заттар тәркіленді. Сатуға, сақтауға, өткізуге, қолдануға заңмен тыйым салынған затты сату қылмысын соңына жеткізу бағытында қарқынды қызмет атқардық.

Жинақталған іс-құжаттарын айыптау актісімен аудандық сотқа жолдадық. Сот үкімімен 47 жастағы күдікті Қылмыстық кодекстің 297-бабымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – дейді тергеуші Асқар Шубай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928611-turkistan-oblysynda-esirtki-satqan-mugalim-10-zylga-sottaldy/