RU

Елордада ер адам қызметкерді пышақпен қорқытып, дәріхананы тонап кетті (видео)

Видеодан алынған кадр
Видеодан алынған кадр: polisia.kz

Нұр-Сұлтан қаласында бетіне маска таққан ер адам дәріхана кассиріне шабуыл жасап, шамамен 30 мың теңгедей қаражатты алып кеткен деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 22 тамызда болған.

Сағат шамамен 22.30-да "102" арнасына қарақшылық фактісі бойынша хабарлама түскен. Қоңырау шалған адам белгісіз біреу Б. Момышұлы даңғылында орналасқан дәріхананың кассирін пышақпен қорқытып, 30 мың теңге көлемінде ақшаны алып кеткенін хабарлаған.

Тергеу барысында кешкі 22.00 шамасында медициналық бетперде киген белгісіз ер адамның дәріханаға кіріп, белгілі бір дәрі-дәрмектің бар-жоғын сұрағаны анықталды.

23 жастағы фармацевт дәрі әкелуге кетіп бара жатқанда күдікті оның артынан жүгіріп барып, тамағына пышақ тақап, ақша талап еткен.

Ақшаны алған соң белгісіз бағытта қашып кеткен.

Күдіктіні ұстау үшін полицияның жеке құрамы жұмылдырылған.

Жедел-іздестіру қызметкерлері дәріхана жақтан жүгіріп шыққан жігітті көрген куәгерлерді анықтаған. Күдікті сипатталғаннан кейін оның жасырынуы мүмкін аумақтар тексерілген.

Нәтижесінде компьютерлік клубтардың бірінен күдіктіге ұқсас 26 жастағы жігіт табылған. Оны тексеру кезінде қалтасынан пышақ пен ақша шыққан.

Кейін ер адам өз кінәсін мойындаған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928622-elordada-er-adam-qyzmetkerdi-pysaqpen-qorqytyp-darixanany-tonap-ketti-video/