Маңғыстауда алғаш рет жаңбыр жаудыру технологиясы қолданылады
Жарияланған күні:
Маңғыстау өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында қуаңшылықпен күрес мәселесі талқыланып, жасанды жолмен жаңбыр жаудыру технологиясы ұсынылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бизнесмендер бұл бастаманы қолдап отыр. Технология апробациядан өтсе, өңірде бес құрылғы қондырып, барлық жеріне жаңбыр жаудыруға болады. Қуаңшылықтан қиындық көрген шаруалардың мәселесін шешіп, қырылып жатқан жануарлар құтқарылады.
Отырысқа қатысқан фермерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен облыстық әкімдік өкілдері жаңа технологияға қатысты жан-жақты мәселені көтерді.
«Қазір Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында құрғақшылық болып жатқаны өздеріңізге белгілі. (...) Малдың көлемі, жерге экоцид, өсімдіктің өспеуі, мал жайылымының тарылуы сияқты көптеген мәселе туындап жатыр. Біз проблемадан шығу үшін елге қажет әдістерді іздеп, климаттық технологиядың бар екенін біліп, мамандарды Маңғыстауға шақырдық. Қазір қолдан жаңбыр жаудырудан басқа жолын көріп отырған жоқпыз», – деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.
Бірнеше мемлекетте сыналған жаһандық International Center of Climate Change Technologies жобасын елімізге ендіріп отырған Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының басшысы Алтай Айнабектің айтуынша, бұл технологияның негізінде әлемде бірнеше ғана компания жұмыс істейді. Азаматтық мақсатқа қолдануға болады. Қоршаған ортаға, адамдарға, жан-жануарға, ұшақтарға әсер етпейді – ешқандай зияны жоқ. Ол туралы европалық De Nayer зертханасының оң қорытындысы бар – Clear Sky Manager технологиясы.
«Теріс иондарды атмосфераға жіберу арқылы атмосферадағы әртүрлі деңгейдегі ылғалдарды шоғырландырып және Каспий теңізінің акваториясындағы буланған ылғалдарды Маңғыстаудың терең аудандарын тасымалдау арқылы бұлттар түзіледі және керек жерде жаудырылады. Біз ұсынып отырған «Clear Sky Manager 5» және «Clear Sky Manager 7» технологиялары Ресей, АҚШ, Жапония, ЕуроОдақта патенттелген. Климатты басқару саласының әлемдік деңгейдегі мойындалған докторлар, метериалолог, аэролог және басқа мамандар жұмыс істейді», – деді Алтай Айнабек.
Оның сөзінше, жергілікті мамандар аудандарды аралап, құрылғыны қондыратын бес орынды анықтап береді. Әрбір құрылғы 200 шақырымдық радиуста жұмыс істейді.
"Жылдық жаңбыр мөлшері кем дегенде 30 процентке көбейеді. Нәтижесін бір ай ішінде көрсете аламыз", – деп атап өтті Айнабек.
Компания жаңбыр жаудыру технологиясының алғашқы сынағын өз қаржысына жүзеге асыратын болады.
"Біздің технологиямыздың бір жылдық қызметтік құны 5 миллион еуроны құрайды. Алайда детонациялық жұмыстар кезінде 1,3-2 миллион еуро аралығында жұмыс көрсетеміз, қалған 3-3,8 млн еуро демонстрация жобасы аясында бірлескен инвестиция арқылы жүзеге асады және қаржыны кестеге сай нәтиже көрсеткен соң аламыз", – деп атап өтті компания өкілі.
Кәсіпкерлер технологияны қолдануға қатысты кейбір шығындарды өтеуге келісті. Соның ішінде тасымалдау мен монтажға кететін қаржы бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928671-mangystauda-algas-ret-zanbyr-zaudyru-texnologiyasy-qoldanylady/