Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов бұдан былай мектеп директорлары қалай тағайындалатынын айтты

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: www.kaznpu.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібі туралы айтты. Ведомство басшысының сөзінше, директорлар конкурстық негізде 5 жылға тағайындалады.

"Біріншіден, енді мектеп директорының міндетін атқарушысы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек.
Ережеде белгіленгендей, мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек.
Осылайша, бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушысы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді", - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның сөзінше, бүгінде елімізде мектеп басшысы лауазымына 700-ден астам бос жұмыс орны бар және онда директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

"Екіншіден, ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау регламенттелетін болады. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталатын болады.
Үшіншіден, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық білім басқармалары өткізетін болады. Яғни, конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады және директорларды анықтайды. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. 5 жылға тағайындалады" , - дейді Асхат Аймағамбетов.

Айтуынша, байқаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады:

  • кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;
  • білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;
  • үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР Заңнамасы бойынша тестілеу);
  • оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);
  • Білім басқармасындағы әңгімелесу (Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

Айта кетсек, қамқоршылық кеңесінің құрамына ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады.

Одан бөлек, Аймағамбетов болашақ директорларға қойылатын біліктілік талаптары туралы айта кетті.

  • Біріншіден, болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болуы керек.
  • Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет.
  • Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуі тиіс.
  • Төртіншіден, тағы бір жаңашылдық — кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен сәтті өткен, бірақ білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Бұл кандидаттарға мектептің Қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, бір жыл ішінде директор лауазымына тағайындалу құқығын береді.
  • Бесіншіден, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізілетін болады.

"Директорларды тағайындау рәсімдері мен оларды материалдық қолдау жөніндегі осы өзгерістің барлығы директор лауазымына лайықты, барынша даярланған кандидаттарды таңдауға және білім беру ұйымдары басшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде бұл білім беру сапасына әсер етеді", - деп қорытындылады министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928782-aimagambetov-budan-bylai-mektep-direktorlary-qalai-tagaiyndalatynyn-aitty/

pixel