RU

Алматыда отандық каратэшілердің үйлену тойы дүркіреп өтті (фото)

Мөлдір Жаңбырбай мен Дидар Әмірәлінің үйлену тойы
Мөлдір Жаңбырбай мен Дидар Әмірәлінің үйлену тойы: Instagram

Қазақстандық каратэшілер Мөлдір Жаңбырбай мен Дидар Әмірәлінің үйлену тойы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде дүркіреп өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Естеріңізде болса, Токио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған каратэші Мөлдір Жаңбырбайдың Қызылордадағы үйінен ұзатылғанын хабарлаған болатынбыз.

50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мөлдір Токио Олимпиадасында жартылай финалға шыға алған жоқ. Бірақ өз тобындағы екі кездесуде есепте алда тұрып, соңғы секундтарда қарсыласқа есе жіберген болатын.

Елге оралған соң Мөлдір өзінің сүйіктісі әрі командаласы, алматылық Дидар Әмірәліге тұрмысқа шықты.

Дидар Әмірәлі каратэден Қазақстан командасының мүшесі, 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Екі жастың үйлену тойына олардың жақындары мен достары жиналған. Тойға келген танымал спортшылар арасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар. Сонымен қатар, каратэден Қазақстан командасының кеңесшісі әрі жаттықтырушысы, франциялық Тарек Абдесселем де той қонақтарының қатарында болды.

Айта кетелік, бұған дейін синхронды жүзуден Рио және Токио Олимпиадаларында ел намысын қорғаған Екатерина Немич те сүйіктісі Ильямен шаңырақ көтерді.

Токиодағы жазғы Олимпиадада Қазақстан спортшылары сегіз қола жеңіп алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928807-almatyda-otandyq-karatesilerdin-uilenu-toiy-durkirep-otti-foto/