Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абзал Құспан Тұрсынбектің қызына қатысты даулы іске пікір білдірді

Опубликовано:

Абзал Құспан
Видеодан кадр: Qasqa Jol арнасы

Белгілі заңгер Тұрсынбектің қызына қатысты іске пікір білдірді. Абзал Құспан Youtube-тағы Qasqa Jol арнасына берген сұхбатында бұл жайтты екі ай бұрын білгенін, алайда оны көпшілікке жақында жария етуге тура келгенін мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Адвокат екі ай бойы бұл іске не үшін мән бермей келгенін түсіндірді.

"Өз басым сол кезде бұл іске аса көңіл бөлмеген себебім, күдіктілер ұсталған соң, тиісті жазасын алады деген ой қалыптасты. Ең бастысы, тергеу органдарына берілді. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алады деген сенім болды", - дейді Абзал Құспан сұхбатта.

Адвокат Facebook-тегі жазбасын қалдыруға түрткі болған жайтты тарқатып айтып берді.

"Тергеу органдарының адамдарды алалап-құлалап тек жалған куәлік жасаған адамның ғана жауапкершілікке тартылуы, қалған адамдарға қатысты қылмыстық істің тоқтатылуы маған күні кеше белгілі болды. Бұл мен үшін жаңалық болды. Өйткені қылмыстың құрамы өте қарапайым. Жалған куәлікті жасатқан адам сөзсіз 385-баптың 2-бөлігімен жауапкершілікке тартылады, сол куәлікті алып пайдаланған адам үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - дейді заңгер.

Абзал Құспан қылмыстық іс егжей-тегжейлі жүргізілсе, оның соңы қандай болатынын болжады.

"Егер репетитор бәрін мойнына алып жатса, ол да жауап беруі керек. Екі қыз баланың жалған құжатты көрсеткені дәлелденетін болса, олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл менің қалтамнан шығарып отырған нәрсем емес. Ол Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігінде анық-қанық жазулы тұр. Әлемдегі практика сондай", - дейді ол.

Алайда заңгер желі қолданушыларының жазған пікірінен олардың көпшілігінің заңнан мүлде хабары жоқ екенін байқағанын айтады.

"Жалпы мектептерге құқықтану пәнін формальды түрде енгізуді қажет етеді. Балалар қандай жағдайда өзінің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білуі керек. Жауапкершілік дегеннің не екенін түсіну керек. Дәл сол менің жазбамның астына балалар тұрмақ ересек адамдардың өздері пікір қалдырып жатты.

Яғни олар кәмелетке толмаған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп ойлайды. Мен сол себепті бөлек жазба жазуыма тура келді. Мен дәл сол Тұрсынбектің қызы жазалансын демеймін. Дәл осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал жалпы қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Бірақ осы нәрсені ата-аналардың білмейтініне таңғалдым. Бұл құқықтық нигилизм", - дейді адвокат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928808-belgili-zanger-tursynbektin-qyzyna-qatysty-iske-orai-elimizdegi-qylmystyq-zauapkersilik-turaly-soz-qozgady/

pixel