Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлі бала ғой": Алматы облысында 15 жастағы екі қызды тұрмысқа бермек болған

Опубликовано:

Оқушы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы облысы Қарасай ауданындағы екі жанұя кәмелет жасына толмаған қыздарын тұрмысқа бермек болған. Заңға қайшы әрекет қазақстандықтардың ашуын тудырып, іске жергілікті билік пен құқыққорғау органдары араласқан. Көп ұзамай бұл фактіге қатысты Алматы облысы білім басқармасы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қос қыздың тағдыры туралы ақпаратты "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жазды.

Ол 15 жастағы екі мектеп оқушысын өз еркінен тыс тұрмысқа беріп жатқаны туралы ақпарат Қарасай ауданы тұрғындарынан келгенін айтты.

"Назар аударыңыздар. Ақпаратты тексеріңіздерші. Егер шын болса, балаларға көмектесу керек. Бұл өте ауыр қылмыс, оның алдын алуымыз қажет", - деген автор Алматы облысы полициясының басшылығына жүгінген.

Бұл хабарлама көпшіліктің назарына бірден ілікті. Қазақстандықтар жасөспірім қыздардың ата-анасының әрекетіне бірден наразылық танытып, биліктен заңсыздықтың алдын алуды талап еткен.

"Маған мұны оқу ана ретінде ауыр әрі қорқынышты", "Бұл заңсыздық. Полиция, енді сөз сіздерде", "кешкі 10-нан кейін ата-анасыз жүрген кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді полиция ұстап, айыппұл салады. Ал мұнда тұрмысқа бермекші. Бұл қаншалықты дұрыс?", "Масқара, 15 жастағы қыздар, әлі бала ғой. Ата-анасының ойыңда не бар?", "Құдаласса да, екі жақтың келісімімен болу керек. Қазір заман басқа. Мәжбүрлеп тұрмысқа беру деген ақылға сыймайды", - деп жазды желі қолданушылары.

Бұған қатысты пікір білдірген облыстық білім басқармасы қос оқушының ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті қолхат алынғанын жеткізді.

"Аудандық білім бөлімінің дерегіне сүйенсек, екі қыз Жаңатұрмыс ауылындағы жалпы білім беретін мектепте оқиды. Олардың бірі 9-сыныпқа, екіншісі 10-сыныпқа көшкен. 10-сыныпқа көшкен қыз Іле ауданындағы кешкі мектептердің біріне ауысып жатыр. Оған әжесінің денсаулығының сыр бергені себеп болған. Қыздың мектепке қабылданғаны туралы анықтама бар.

Айта кету керек, мектеп оқушыларының ата-анасы қыздарын кәмелет жасына толмайынша тұрмысқа бермейтіні туралы қолхат берді", - дейді Алматы облысы білім басқармасының қызметкері Салтанат Рахымбекова.

Екі қыздың әкесі де оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әкімдікке шақыртылған.

"Екі ата-ана да аталған факті бойынша түсініктеме жазды. Олар қыздарын кәмелет жасына толған соң және мектепті аяқтағаннан кейін ғана тұрмысқа беретінін айтып сендірді. Яғни, ата-аналарымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - дейді Райымбек ауылдық округы әкімінің орынбасары Еламан Өмірбаев.

Ал полиция аталмыш фактіге тексерістен кейін құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928887-ali-bala-goi-almaty-oblysynda-15-zastagy-eki-qyzdy-ata-anasy-turmysqa-bermek-bolgan/

pixel