Top.Mail.Ru

Зектілері

Шығыс Қазақстан облысында ауыл кәсіпкерлері жеке бизнесін қалай ашқанын айтып берді

Жарияланған күні:

Құрт өндірісі
Гульнур Алимхан. Фото: жеке мұрағаттан

Бүгінде ауылды жерлерде бизнестің түр-түрін жасауға болады: кафе ашу, кондитерлік өнімдер әзірлеу, құрт жасап, сату немесе ірі қара өсіру. Мұндай бизнестерді сенімді түрде іске асырып отырған ауыл тұрғындары да аз емес. Соның жарқын үлгісі – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, жеке ісін ашу үшін шағын несиелер мен гранттарға қол жеткізген Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері.

Ұлан аулындағы құрт өндірісі

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Ұлан ауылының тұрғыны, көп балалы ана Гүлнұр Әлімхан күніне 30 кг құрт өндіреді, ауыл тұрғыны жасайтын құрт өз ауданында ғана емес, басқа да аудандарда жоғары сұранысқа ие. Құрт жасап, сатуды ол бірнеше жыл бұрын қолға алған еді, алайда ол кезде бүгінгіден аз жасайтын.

«Бұрын құртты қолмен жасайтынмын, бірақ көп құрт жасай алмайсың, қолым талып кететін. Кейін құрт жасайтын арнайы аппарат барын біліп, сондай аппарат алуды армандай бастадым, тіпті бұл ой түнімен ұйқы бермейтін. Бірде әкем ауылдастардан бизнес идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз гранттар беріліп жатқанын естіпті, мен де соған құмарта бастадым. Осылайша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы әрі кәсіпкер атандым», - дейді Гүлнұр.

Ұлан аудандық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына Гүлнұр Әлімхан 2020 жылы барған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренген соң, 200 АЕК (555 600 теңге) көлемінде грант ұтып алып, өзінің бизнес идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік туыпты.

Гульнур Алимхан
Гульнур Алимхан. Фото: жеке мұрағаттан

Шағын бизнесін кеңейтуге көмектескен жаңа аппарат құрттың 7 түрін әзірлейді. Гүлнұр өнімін адал жасауға тырысады, соның арқасында тұрақты келіп тұратын клиенттер сеніміне ие болды. Оның арманы – құрт жасау ісін елдік көлемде кеңейту. Бұрын оған бұл тым батыл ой болып көрінетін, бірақ өз күшіне сенуге мүмкіндік берген «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысқаннан кейін қол жетпейтін ештеңе жоқ екеніне сенімі арта түсті.

Преображенкадағы кафе мен кондитерлік дүкен

ШҚО Көкпекті ауданы Преображенка ауылының тұрғыны Тілек Амангелді небары 23 жаста. Бизнесін дамытуға шағын несиені ол 21 жасында алыпты. Жас жігіт бұрын анасына тиесілі болып, жартылай ғана жұмыс істеп келген кафені кеңейтуді өз міндетіне алудан еш қорықпағанын айтады.

«Кафе ол кезде бірде істеп, бірде істемей тұрған. Көбіне банкет болатын кезде ғана істейтін. Мен оны қайта жандандырғым келді. Осылайша «Еңбек» бағдарламасы аясында сомасы 6 млн теңге болатын шағын несие алдым. Оның 4 миллионын құрал-жабдық сатып алуға, қалған 2 миллионын айналым қаржысын толтыруға жұмсадым», - дейді жас бизнесмен.

Нан пісіретін пештер, өнеркәсіптік плиталар, тоңазытқыштар мен кондиционер сатып алып, жас жігіт кафенің жанынан нан-тоқаш өнімдері мен торт пісіретін наубайхана ашты. Өнімдерге көптеп тапсырыс түсе бастады. Кафе де таңертеңнен кешке дейін толық жұмыс істей бастады.

«Соның арасында пандемия басталып кетіп, бизнеске кері әсерін тигізді. Алайда қазір жағдай сәл-пәл тұрақталды, біз дүкендерге нан өнімдерін тасумен, карантиндік шектеулерді ескере отырып, іс-шаралар өткізумен де айналысып жүрміз. Біздің ауылда барлығы екі мыңдай адам тұрады, соған қарамастан қоғамдық тамақтану орны екеу ғана. Жалпы алғанда, мұндай бизнеске ауылда сұраныс бар. Адамдарға да өте ыңғайлы: үйде өзің тамақ жасамайсың, үлкен жиындарға көп мөлшерде нан өнімдерін өзің пісірудің қажеті болмайды. Даму қажеттігін, ауылдықтарда сұраныстың болатынын сездім және қаталеспеппін», - деп атап өтті Тілек.

Жоғарғы Үбідегі «сүт» бизнесі

ШҚО Шемонаиха ауданы Жоғарғы Үбі ауылының тұрғыны Наталья Бутакованың әр күні таңғы 4-те басталады. Он бас сиырын өріске жібермес бұрын, сауу қажет. Күніне ол 40 литрдей сүт жинап, жергілікті сүт зауытына өткізеді. Шағын бизнесін Наталья Бутакова 2018 жылы «Бастау Бизнес» бойынша оқып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несиеге өтінім бергенде бастаған еді.

Сиырлар
Наталья Бутакова. Фото: жеке мұрағаттан
«Бағдарлама жайында бағдарлама құралдарын пайдаланып, жеке ісін бастаған не дамытқан ауылдастарымнан білдім. Бизнесті қалай құру керектігі туралы қажет білімді алған соң, бизнес-жоспар құрып, жобамды қорғадым. Маған ірі қара мал өсіруге сомасы 1,9 млн теңге болатын жеңілдігі бар шағын несие берді. Несие шарты да қолайлы: пайыздық мөлшерлеме бар-жоғы 6%, несие мерзімі – 6 жыл. Ол қаржыға 7 бас сиыр сатып алдық», - деп кәсіпкер өз хикаясын баяндап берді.

Наталья Бутакова өмір бойы үй шаруасындағы әйел атанып келеді. Алайда сиыр бағу оған таң емес, бұл істе тәжірбиесі де жеткілікті. Сондықтан да бизнес түрін таңдау қиын болмады. Бүгінде шаруашылық жүргізуге оған мүгедектігі бар күйеуі көмектеседі.

«Мал бағу, оған қарау зор еңбекті талап етеді. Жазда жеңілірек, ал қыста шөп тасу керек, қораны тазалап, малға шөп беріп, суғару керек. Бірақ біз өмір бойы сиыр бағып келеміз, сондықтан аса қиындығы жоқ. Оның үстіне, ауылда басқа немен айналысасың, сиыр бақсаң, табыс та бар, жаның қалаған ісің де сол», - дейді Наталья Бутакова.

Оның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысқанына көңілі толады.

«Бағдарлама бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту аясында әсіресе ауыл тұрғындарына жақсы мүмкіндіктер береді. Меніңше, әсіресе жастар осы тұрғыда ойланып, күшін сынап көруі керек», - деген сенім білдірді Наталья.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 671 шағын несие берілді. Оның ішінде қалаларда - 57, ауылдарда - 381 шағын несие рәсімделді.

Жалпы алғанда елімізде шағын несиемен 8 629 адамды қамту көзделіп отыр, қалаларда 630, ауылда 7 999 адам. Бірінші тамызға 4 524 шағын несие берілді.

Гранттарға келер болсақ, биыл бағдарлама қатысушыларына жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға 200 АЕК көлемінде 22 мың мемлекеттік грант беріледі. 2021 жылдың 7 айының ішінде 18 060 грант берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928990-sygys-qazaqstan-oblysynda-auyl-kasipkerleri-zeke-biznesin-qalai-asqanyn-aityp-berdi/