RU

Коронавирус: Қазақстанда жаңа бес вакцина шығарылатыны рас па

Екпе
Көрнекі фото: pexels.com

Рахым Ошақбаев бастаған "Ел үшін егілемін" штабының мүшелері Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік инстутытында болып, вакцина өндірісімен танысты деп хабарлайды Хабар 24.

Орталық Азия аймағында қауіпті вирустарды зерттеумен айналасытын бірден бір мекемеде осы уақытқа дейін 67 вакцина шығарылған.

Олар негізінен мал ауруларына қарсы салынатын екпе болғанымен институттың мүмкіндігі зор.

Институт ғалымдары әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын жасады.

Өткен жылы институт жанында "ОтарБиофарм" зауытының іргетасы қаланды. Құрылысы толық аяқталғанымен әзірге барлық автоматтандырылған құрылғылар сынақ жүйесінде тексеріліп жатыр.

Жоспарға сәйкес зауыттың қуаты жылына 60 млн доза вакцина шығаруға жеткілікті.

"Бүгінгі күні ең қиын сұрақ ол реактив пен құрал-жабдықтарды сатып алу. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бұл мәселені өткізу өте қиын. Сондықтан да көптеген жаңа нормаларды енгізуіміз керек. Материалдар ешқандай тоқтаусыз, кедергісіз бізге келу керек. Сондықтан да жан-жағынан қарастырып, біздің ғалымдардың және қызметкерлердің жағдайын көтеру керек", - деді "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отандық QazVaс вакцинасын 300 мың адам салдыртқан. Ал бірнеше күннен кейін коронавирусқа қарсы қазақстандық тағы бір вакцина QazCoVac-P клиникалық зерттеулердің екінші фазасынан өткізіледі. 

"Қазақстандықтар отандық QazVaс вакцинасын қолдауы керек. Бұл вакцинаның иммуногендік қасиеті шетелдікінен артық болмаса кем емес. Бірақ біздің қоғам соны әлі де түсінбей жатыр. Өзіміздің биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз үшін осындай ғылыми-зерттеу институттың дамуын ойлауымыз керек. Бүгін ғылыми мекеменің көптеген проблемаларын естіп білдік. Олар міндетті түрде Үкіметте қаралуы қажет. Бұл бағытта халыққа нақты әрі жан-жақты ақпарат береміз", - деді коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі "Ел үшін егілемін" азаматтық штабының мүшесі Рахым Ошақбаев.

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты алдағы 3 жылдық жоспарымен таныстырды. Осы мерзімде жаңадан 5 вакцина шығаруды көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929047-koronavirus-qazaqstanda-zana-bes-vakcina-sygarylatyny-ras-pa/